Ұлыстың ұлы күні – елдіктің айғағы
Көктемнің шуақты күндерімен бірге халқымыздың ең қадірлі мерекелерінің бірі – Наурыз мейрамы да жетті. Табиғат жаңарып, жер-ана бусанып, айналаға тіршілік нәрі тарайтын осы мезет қазақ халқы үшін жаңа жылдың бастауы, үміт пен жаңарудың белгісі саналады. Биыл да Ұлыстың ұлы күні Қарағанды өңірінде ерекше көңіл-күймен қарсы алынуда. Қала мен аудан орталықтарында мерекелік шаралар ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тағылымды шаралар өтуде. Орталық алаңдарда киіз үйлер тігіліп, ұлттық нақыштағы көрмелер қойылып, халыққа қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениеті кеңінен таныстырылып жатыр. Наурыз – тек мерекелік думан ғана емес, ол – халықты жақындастыратын, татулық пен бірлікті нығайтатын ерекше күн. Осы күні жұрт бір-бірімен көрісіп, ақжарма тілектер айтып, үлкендерден бата алады. «Самарқанның көк тасы жібіген» деген ұғым да осы күннің мейірім мен кешірімге толы екенін аңғартады. Мерекелік алаңдарда ұлттық ойындар ұйымдастырылып, жастар асық атып, арқан тартып, қазақ күресінен күш сынасуда. Ал алтыбақан маңында ән мен күй шырқалып, ұлттық өнердің шынайы көрінісі байқалады. Бұл – халқымыздың бай мәдениеті мен дәстүрінің бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқандығының айқын дәлелі. Наурыз дастарханы да ерекше мәнге ие. Әр шаңырақта молшылықтың белгісі – Наурыз көже әзірленіп, жеті түрлі дәмнен дайындалған бұл тағамнан жұртшылық ауыз тиіп, бір-біріне ақ тілектерін арнайды. Қазақ халқы үшін дастархан – берекенің, қонақжайлықтың белгісі. Сондықтан бұл күндері әр үйдің есігі ашық, көңілі кең болады. Бүгінде Қарағанды өңірінде Наурыз мейрамы халықтың бірлігін, татулығын айшықтайтын үлкен мерекеге айналып отыр. Бұл – ата-бабадан қалған салт-дәстүрдің жаңғырып, ұлттық рухтың асқақтап келе жатқандығын көрсетеді. Ұлыстың ұлы күні әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ әкелсін!
Аманбай ТОНТАЕВ,
тұрақты оқырман
