Қаңғыбас иттерге қатысты шешімдер қаралды

Достық үйінде өткен қоғамдық кеңес отырысында қала аумағындағы қаңғыбас иттерге қатысты өзекті мәселелер қаралды. Жиын барысында жануарларды бақылау, қауіпсіздік және ветеринариялық шаралар жөнінде пікір алмасу өтті. Кеңес жұмысына зоотехник мамандар, полиция қызметкерлері және ветеринария басқармасының өкілдері қатысты.

Өткен жылы өңірде қаңғыбас жануарлардың санын бақылауға алу мақсатында 170 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл қаражат бюджеттік бағдарламалар аясында қарастырылып, қызмет көрсетуші ұйымдармен тиісті келісімшарттар жасалды.

– 2025 жылы облыс бойынша жалпы 3 282 қаңғыбас ит ұсталды. Агрессивті емес және сау жануарлар чиптеу, вакцинация және зарарсыздандырудан өткеннен кейін 15 күн ішінде 2 933 ит өз бұрынғы мекеніне қайтарылды, ал 349 агрессивті ит жойылды. Негізгі проблемалық мәселе ретінде бюджеттік бағдарламалар аясында мемлекеттік сатып алу рәсімдері көрсетілуде, – деді Қарағанды облысы ветеринария басқармасының басшысы Амандық Жәкетаев.

Қоғамдық кеңестің мүшесі Татьяна Савицкая мәселенің айтарлықтай күрделірек екенін атап өтті.

– Менің пікірімше, бүгін біз ең алдымен адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басты міндет етуіміз қажет. Сонымен қатар, қандай шаралар тиімді жұмыс істеп жатқанын және қайсысы нәтиже бермейтінін анықтауымыз керек, – дейді Қоғамдық кеңестің мүшесі Татьяна Савицкая.

Зооқорғаушы Инна Радченко жануарларға жауапкершілікпен қарау бойынша заңның тиісті деңгейде жұмыс істемейтінін айтты.

– 2023 жылы Қазақстанда жауапты иелік туралы заң қабылданды, Қарағанды облысында Жол картасына қол қойылып, ұстау мен вакцинациялау бағдарламасына алғашқы қаражаттар бөлінді, мониторингтік топ жұмыс істейді, қалада қоғамдық инспекторлар институты құрылды және уақытша ұстау пункті салынып жатыр. Біз облыста заңды енгізу бойынша іргелі жұмыстарды жақсы бастадық. Заңды орындамаудың соңғы бақылаушысы тек екі орган болып саналады. Зообақылау және ветеринария. Облыс әкіміне ұсыныс беріліп, ол оны жеке бақылауына алады немесе қажет болған жағдайда жетекшілік ететін орынбасары Жол картасына қол қояды, – деп атап өтті «Қорғау» қоғамдық қорының басшысы Инна Радченко.

Қоғамдық кеңес мүшелері мектептер мен балабақшалардың маңында иттерді серуендетуге тыйым салынған аймақтарды белгілеу, алдын алу шараларын жүргізу және халықты ақпараттандыру қажет екенін айтты. Сонымен қатар бюджеттің дұрыс жұмсалуын қадағалау үшін бірлескен мониторингтік комиссия құрылуы тиіс деп атап өтті.

Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,

«QH»