Қалаларды тазалықта ұстау күшейеді: әкімдіктерге айыппұл салу құқығы беріледі

Қазақстанда қалалар мен елді мекендердің көркін сақтауға бағытталған бақылау шаралары күшейтіледі. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауынша, 2026 жылдың наурыз айынан бастап Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Бұл жаңашылдықтар жергілікті атқарушы органдардың құзыретін кеңейтіп, абаттандыру саласындағы тәртіпті күшейтуді көздейді.

Министрліктің мәліметінше, Мемлекет басшысы 2025 жылғы 30 желтоқсанда қол қойған заңға сәйкес, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және барлық облыстың әкімдіктеріне ӘҚБтК-нің 434-2 және 505-баптары бойынша әкімшілік хаттамалар толтыру құқығы берілді. Аталған баптар қоғамдық орындарды ластау және абаттандыру қағидаларын бұзу деректеріне қатысты.

Бұған дейін мұндай шараларды тек ішкі істер органдары ғана қолдана алатын. Енді жергілікті атқарушы органдардың өздері құқықбұзушылықты тіркеп, тиісті шара қабылдай алады.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, жаңа өкілеттіктер заңсыз қоқыс төгу, жасыл желектерді бүлдіру, сондай-ақ қалалық инфрақұрылым нысандарына зиян келтіру секілді әрекеттерге жедел әрі тиімді ден қоюға мүмкіндік береді.

– Тек өткен жылдың өзінде осы санаттағы құқықбұзушылықтар үшін 591 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 189 мыңнан астамы қоғамдық орындарды ластағаны үшін, ал 403 мыңнан астамы абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін жазаланған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 5,2 миллиард теңгені құрады, – деп хабарлады Экология және табиғи ресурстар министрлігі.

Мамандардың пікірінше, қабылданып отырған өзгерістер елді мекендердегі тазалық мәдениетін арттырып, тұрғындарды қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға ынталандырады.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»