Әскери міндеттілерге кезекті әскери атақтар берілді
Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан атындағы ауданның Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде ағымдағы жылдың тамыз айында өткен оқу-жаттығу әскери жиындарын табысты аяқтаған әскери міндеттілерге кезекті әскери атақтарды салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.
Шара барысында Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, майор Жанабек Сарсенбаев қатысушыларды құттықтап, олардың тәртібі, жауапкершілігі мен жоғары дайындық деңгейін ерекше атап өтті.
– Сіздер оқу-жаттығу жиындарынан сәтті өтіп, жоғары тәртіпті, жауапкершілікті және ұйымшылдықты көрсеттіңіздер. Әрқайсыңыз жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, отансүйгіштік пен Отанды қорғауға әрдайым дайын екендеріңізді дәлелдедіңіздер. Кезекті әскери атақтардың берілуі – еңбектеріңізге берілген баға ғана емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілік. Алған білім мен тәжірибені кәсіби қызметтеріңізде де, күнделікті өмірде де қолданып, жас ұрпаққа үлгі боласыздар деп сенемін, – деді майор Жанабек Сарсенбаев.
Әлихан Бөкейхан атындағы ауданнан шақырылған 85 әскери міндеттінің ішінен 8 азаматқа кезекті әскери атақ берілді. Олардың қатарында бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Елдос Әділбек те бар. Оған «аға лейтенант» әскери атағына ие болды. Оның айтуынша, оқу-жаттығу жиындары педагогикалық қызметінде қолдана алатын құнды тәжірибе сыйлаған. Салтанатты рәсімнен кейін әскери міндеттілермен әскери резервтегі қызмет туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының басқармасы кадр бөлімінің бастығы, капитан Аслан Асанов әскери қызмет жүйесіндегі жаңашылдықтармен таныстырды.
– 2025 жылдан бастап Қазақстанда әскери қызметтің жаңа түрі – резервтегі қызмет енгізіледі. Бұл – әскери міндеттілерді аумақтық қағида бойынша даярлауға бағытталған ерікті қызмет түрі. Ол армия санын арттырмай-ақ елдің жұмылдыру дайындығын күшейтуге мүмкіндік береді, – дейді капитан Аслан Асанов.
Оның айтуынша, резервтегі қызмет келісімшарт негізінде жүзеге асырылады және негізгі жұмыспен қатар алып жүруге болады. Дайындық ай сайынғы қысқа мерзімді сабақтардан және 30 күндік оқу-жаттығу жиындарынан тұрады. Бұл ретте резервистердің жұмыс орны сақталады, әлеуметтік пакет, ақшалай төлемдер, медициналық қамтамасыз ету және әскери атақты одан әрі жоғарылату мүмкіндігі қарастырылған. Шара іскерлік әрі салтанатты жағдайда өтіп, әскери борыштың маңыздылығын және ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі даяр резервтің рөлін айқындай түсті.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

