BINOM мектептері: Қарағандыдағы жаңа жоба
Қарағанды қаласында BINOM SCHOOL үлгісіндегі заманауи білім ордаларын салу жоспары қарастырылып жатыр. Бұл мектептер қазіргі үш ауысымды және апатты жағдайдағы оқу орындарын алмастыруы тиіс. Жобаны жүзеге асыру мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында инвестор тарту арқылы мүмкін болмақ. Бұл туралы «AMANAT» партиясы фракциясының облыстық мәслихаттағы қорытынды отырысында айтылды. Басқосуда «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы жол картасының орындалуы және өңір экономикасындағы негізгі түйткілдер талқыланды.
«AMANAT» партиясының облыстық филиалында жылдық жұмыс қорытындысы қаралды. Жол картасындағы 137 тармақтың 10 ай ішінде тек 33-і орындалған, бұл шамамен 24 пайызға тең. Қалған 87 тармақ бойынша әлі жұмыс жүргізілуде, ал 17 тармақтың орындалмау қаупі бар.
– Түзету енгізу ұсынылады. Жобалық-сметалық құжаттаманың өзгерістері мен қаржыландырудың жеткіліксіздігі себепті кейбір әлеуметтік нысанның – мектептер мен медициналық мекемелердің іске асырылуын 2026-2027 жылдарға ауыстыру қажет. Сонымен қатар, жекелеген шараларды оңтайландыру, олардың кейбір көрсеткішін қысқарту немесе алып тастау ұсынылады, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов.
BINOM үлгісіндегі білім ордалары Жайлы мектеп жобасының орнын басуы мүмкін. Жол картасына өзгеріс енгізу туралы ұсыныс талқылауға қойылды. Фракция төрағасы және облыстық мәслихат депутаты Бекзат Алтынбеков салық мөлшерлемесін 2%-ға дейін төмендетілген деңгейде сақтау маңызды деп санайды. Оның пікірінше, бұл кәсіпкерлерді қолдауға, бизнесті дамытуға және жұмыспен қамтуды арттыруға мүмкіндік береді.
– Депутаттардың тұрақты бақылауына қарамастан, кейбір басқарма мен әкімдіктер өз міндеттерін әлі де тиісті деңгейде орындамай келеді. «AMANAT» партиясы Жол картасының әр орындалмаған тармағы үшін салалық облыстық басқармалар басшыларының жеке жауапкершілігін сұрайтын болады, — дейді Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Бекзат Алтынбеков.
Әйелдер қанатының басшысы Зара Шалабаева келер жылға арналған негізгі міндеттерді таныстырды.
– «AMANAT» партиясының әйелдер қанаты әйелдер көшбасшылығын дамыту орталығына айналып келеді. Біз қолдау бағдарламаларын кеңейтуді жалғастырып, өңірдегі барлық қала мен ауданға гендерлік теңдікті алға жылжытамыз, – деп қосты Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Зара Шалабаева.
2026 жыл өңірде тәртіп пен жылдамдыққа арналған жыл болмақ. Депутаттардың пікірінше, Жол картасының уақытында орындалмаған әр тармағы тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді.
Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,
«QH»

