АЛАШ АСПАНЫНЫҢ АҚСҰҢҚАРЫ
«Ежелден ер тілегі – ел тілегі. Адал ұл ер боп туса – ел тірегі»
Бауыржан Момышұлы
Мектепте оқитын кезім. Сегізінші сыныпта жүргенімде ата-анам үйге компьютер салып алды. Сабағымды дайындап болған соң, бір сәт бұған дейін мен үшін «қолжетпес» болған осы «сиқырлы жәшікке» үңілемін. Мені «Call of duty» дейтін Ұлы Отан соғысы туралы, ХҮІ-ХҮІІІ ғасырлардағы соғысты қамтитын «Казаки» және Вьетнамдағы соғыстар барысын қамтитын «Batte Field Vietnam» ойындары қатты қызықтырды. Бұл ойындарды ойнау арқылы ішкі түйсігіммен әсери соғыс тактикаларына, қару-жарақтар мен әскери киім үлгісіне деген қызығушылығым артты. Сөйтіп, әлем тарихындағы ірілі-ұстақ соғыс өрттерінің тұтану себептеріне, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас пен олардың сол кезеңдердегі әскери әлеуеті, армиясының саны мен сапасы, киім-кешекпен, қару-жарақпен қамтылуы, әскери қолбасшыларының қарым-қабілеті секілді басқа да факторларға деген қызығушылығым артты. Ойымдағы мың сан сұрақтарға жауап іздеп, тарихи деректі фильмдерге, кітаптарға үңілдім, мұның соңы елеміздегі әскери сала мен оның тарихына көңілімді аударды. «Іздегенге — сұраған» демекші, мектеп кітапханасынан ескі әскери журналдарды таптым, олардың ішіндегі әскери техникалардың фотоларына сұқтана қарап, олар туралы мәліметтер мен ақпараттар ала бастадым. Бір журналдағы С-125 пен С-75 зениттік зымырандық кешендер аспан әлемін қорғаудың қыр-сырына қанықтырды. Осылайша, әскери техникаға деген сүйіспеншілігім орта мектепті бітірген соң әскери мамандықты таңдауыма түрткі болды. 2008-2013 жылдары Ресейдегі К.Г.Жуков атындағы әуе және ғарыш қорғанысы әскери Академиясының курсаты болып, толыққанды әскери маман атандым.
Халқымыздың есімі әлемге белгілі әскери қолбасшысы, даңқты стратег, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы: «Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы» дегеніндей, азаматтық борышымызды атқарып жүргендіктен алдыңғы толқынның жүрген жолына, еткен еңбегіне қарап бой түзейміз, ой түзейміз. Бұл сөзімнің дәлелі, әскери салаға, соғыс тактикасына деген қызығушылығым қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғысындағы Орбұлақ шайқасына, ҚР Қарулы Күштеріне, Мәскеуді қорғаған 28-гвардияшы-панфиловшылар ерлігіне, Ауған соғысындағы қазақтың «қара майорына», С-75 зениттік зымырандық кешенге арналған Вьетнамдағы соғысқа және басқа да бірнеше тарихи оқиғаларға қатысты жасаған сегіз диорамаларым бар. Бұлардың бәрі шығармашылық ізденіс, тарихи шындық пен нақты фактілер мен еңбектің нәтижесінде дүниеге келді. Кейбіреулер үшін бір қарағанда ойыншық секілді болып көрінгенімен, әрбір диораманың өз айтары, көтерген жүгі мен салмағы бар. Бір ғана мысал, Вьетнамдағы соғыс туралы диораманың жасалауына осы соғыста америкалық ұшақтарға қарсы әлемде бірінші рет зениттік зымырандық қондырғылар қолданылғандығы себеп болды. Бұл диораманы жасау жолында көп іздендім, әсіресе әскери Академияда бірге оқыған вьетнамдық офицерлермен кеңестім. Сол секілді ҚР Қарулы күштерінің 30 жылдығына орай қазақ армиясының айбынын асақтаттым. Мұның бәрін жастарға патриоттық тәрбие беруде, әскери саланың қарым-қабілеті мен беделін көтеру барысындағы қызметімде көрнекі құрал ретінде қолданамын.
Айтайын дегенім, мен оқыған оқу орнында «Генералдар аллеясы» бар, онда академия қабырғасынан түлеп ұшып, генерал атанған марғасқалардың фотолары мен аты-жөндері жазылған. Елден жырақ жүрген мен үшін олардың арасында қазақ генералы, 1982 жылы осы Академияның Әскери командалық тыңдаушысы болған Мұқтар Алтынбаевтың жарқ ете қалуы қатты әсер етті, көңілімді мақтаныш сезімі биледі.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ армиясының айбынын асқақтау жолында тер төккен, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қалыптасып, өзге мемлекеттермен терезесі тең болуына бір адамдай еңбек сіңірген армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың есімі өскелең ұрпақ үшін, оның ішінде мен үшін үлгі-өнеге. Ол жетілдірілген соңғы МиГ және Су секілді истребительдердің қазіргі заманғы барлық түрлерін толыққанды меңгерген және АҚШ авиациялық базасында атақты америкалық F-16 жойғыш ұшағымен ұшу өнерін әлем алдында паш еткен тұңғыш ұшқыш және әр жылдары еліміздің Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы болған жан.
Аға буын мен жас ұрпақтың Отан қорғау жолындағы алтын көпірі бола білген, өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік сезім қалыптастыруда, сонымен қатар білімі мен білігін егемен еліміздің қорғаныс қуатының нығаюына, Алаш аспанының беріктігін бекемдеуге еңбек сіңірген Халық қаһарманы, армия генералы, Алаш аспанының ақсұңқары Мұхтар Қапашұлы Алтынбаев биыл 80 жастың сеңгіріне шығады. Олай болса, осы мерейтойымен шын жүректен құттықтап, деніне саулық тілеуді жөн көрдім.
Рамазан БАХТИЯРОВ,
майор, №44803 әскери бөлімінің
С-300 зымырандық-зениттік дивизионы
командирінің тәрбие және идеологиялық
жұмыстары жөніндегі орынбасары,
педагогика және психология
ғылымдарының магистрі

