Меруерт Өтекешова: Қазақ киносының символы

Қазақ киносының алтын қорында айрықша орын алатын тұлғалардың бірі – Меруерт Өтекешова. Ол өзінің өнер жолындағы теңдессіз талантымен халық жүрегінен мәңгілікке орын алды. Оның есімі ең алдымен аты аңызға айналған «Қыз Жібек» фильміндегі басты рөлімен байланысты. Тіпті ел ішінде актрисаны «қазақтың Қыз Жібегі» деп атап кеткен. 55 жыл бұрын жарыққа шыққан бұл туынды ұлттық кино өнерінің інжу-маржаны болып саналады.

Қаламызда Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен өткен Қазақ киносының күндері аясында «Сарыжайлау» кинотеатрында 12 ақпан күні белгілі актриса, ҚазССР-нің еңбек сіңірген артисі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Меруерт Өтекешовамен шығармашылық кездесу ұйымдастырылды. Бұл шара киноөнеріне қызығушылық танытқан көрермендер үшін ерекше әсер сыйлады. Кездесу барысында ұлттық құндылықтар мен мәдениет, киноға деген адалдық және актерлік шеберлік туралы терең мағыналы ойлар айтылды.

 

Кездесу соңында көрермендерге «Қыз Жібек: рецепт любви и успеха» атты деректі фильмнің тұсаукесері ұсынылды. Бұл туынды әйгілі «Қыз Жібек» киноэпосының түсірілу тарихын, оның ұлттық мәдениеттегі маңызын баяндайды. Деректі фильмде кинотуындыны жасаған шығармашылық топтың еңбегі, актерлердің шеберлігі және киноға деген ерекше сүйіспеншілік көрініс табады.

Деректі фильм «Қыз Жібек» картинасының 50 жылдығына орай түсірілді. Сценарий авторы Инна Смаилова, режиссер Меруерт апайдың туған сіңілісі Алма Өтекешова, екінші режиссер актрисаның қызы Жібек Тастанбекова. Ал Меруерт Өтекешова продюсер ретінде болған. Оның сөзінше, деректі фильм түсіру идеясы Құман Тастанбековке тиесілі екен. Фильм бойынша жұмыстар пандемия кезінде жүргізілген. Картинаның операторлары – «Қыз Жібек» фильмінің дыбыс режиссері Қадыр Қосайдың ұлы Ренат Қосай және Азамат Жанабаев.

«Қыз Жібек» фильмінде Жібектің махаббатына үміт артқан Бекежан рөлін сомдаған қазақ киносының майталманы Асанәлі Әшімов өзінің естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ белгілі қоғам қайраткерлері, киносыншылар және драматургтер фильмнің тарихи, мәдени және көркемдік маңызын сараптап, ой толғады.

Меруерт Өтекешова кездесуде киноға түсуге қызығатын жастарға пайдалы кеңестер берді. Оның айтуынша, актерлік шеберлік – туа біткен талант пен үлкен еңбектің үйлесімі. «Киноға түсемін, атақты боламын» деген ой ғана жеткіліксіз. Нағыз өнер иесі болу үшін жан-жақты білім, тынымсыз еңбек және өз ісіне деген шексіз махаббат қажет. Ол Астанадағы өнер институтында актерлік шеберліктен дәріс беріп, жастарға бағыт-бағдар көрсетіп жүргенін атап өтті.

«Менің ешқандай арнайы дайындықсыз киноға түсуім – тағдырдың сыйы болды. Бірақ қазір актерлік өнерді меңгеру үшін төрт жылдық білім қажет. Біреуге бұл білім жеткілікті болса, енді біреулерге аздық етеді. Себебі өнер – жан-тәніңді беруді талап ететін үлкен еңбек» – дейді актриса.

Меруерт Өтекешова үшін «Қыз Жібек» тек кино емес, қазақ халқының ұлттық мұрасы. Бұл фильм тек өткеннің еншісінде қалмай, болашақ ұрпаққа мәдени мұра ретінде сақталуы керек. Сондықтан ол осы фильмнің мәнін жастарға түсіндіру, ұлттық өнерді дәріптеу жолында аянбай еңбек етуде.

Атап өтейік, кинотеатрдағы кездесудің алдында Меруерт Өтекешова ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының курсанттары және Қарағанды құрылыс-техника колледжінің студенттерімен жүздесіп, кино өнерінің болашағы жайында пікір алмасты. Жастардың үлкен қызығушылығын оятқан бұл басқосу рухани күш-қуат беріп, қазақ киносының мән-маңызын одан әрі терең түсінуге мүмкіндік жасады.

Қарағандыдағы бұл кездесулер мен көрсетілімдер қазақ киносына деген халықтың ықыласы мен сүйіспеншілігін тағы да дәлелдей түсті. Ұлттық киноны қолдау, оны дамытып, насихаттау – әрбір саналы азаматтың міндеті. Осы жолда өнер майталмандарының еңбегі ұмытылмауы тиіс.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

«QH»