ТЕЛЕФОН ТЕРРОРЛАРЫ ТҰТЫЛДЫ

Қарағандыда жаздың соңғы жексенбісінде бірден екі жалған мина қоюшы ұсталды. Жарылғыш зат қойылды деп жұртты даурықтырған екі адам да араққа ақылын жаулатып, масаң күйде болғандар.

29 тамыз күні алғашқысы туралы 102 телефонына жедел хабар 12:05 уақытында белгісіз адамнан түскен. Барлық күштік құрылымдар бірден жұмылдырылып, Орталық әмбебап дүкені маңы қоршауға алынып, жұртты ғимарат маңына жақындатпады. Арнайы техникалар мен полицияның топтасуын тұрғындар алғашында оқу-жатттығу шарасы болар деп топшылаған. Алайда сауда үйіндегі адамдарды эвакуациялағанда жағдай басқаша екенін ұқты. Жедел қызметті жініктіріп, жұртты даурықтырып қойған жарылғыш құрылғы орнатылды деген ақпар екені белгілі болды. Арнайы қызметтер дайындалған жұмыс схемасы бойынша шапшаң әрекетке көшті. Полиция нұсқауынан кейін дүкеннен сексенге жуық адам шығарылып, қауіпсіз жерге алшақтатылды. Артынша полиция қызметкерлері мен құтқарушылар ғимараттың ішін толық тексеріп шығып, әр бұрышты жекелей тінтіп шықты. Алайда ешқандай қауіп төндірер құрылғы анықталған жоқ. Құзырлы орган жарылғыш құрылғылар туралы жалған хабарламалар белгілі бір уақыт сайын түсіп тұрады, осындай жағдайлардың ең жиі қайталанатын нысаны Орталық әмбебап дүкені екенін айтты.

Нысан қатерсіз болғанымен бұзақыны құрықтау шарасы тоқтататылмады. Жедел іздестіру барысында 102 телефонына қоңырау шалып, онысын қызық көруші 30 жасар азамат екені анықталды. Араққа ақылын жаулатып, өзінше көпті қорқытам деген азамат Қылмыстық кодекстің 273-бабына сай «Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау» ісіне қатысты жазаланатын болады. Қолмен істегенін бұлтартпай мойындау барысында ер адам масаң күйде болып, бастапқыда бомба туралы салық бөліміне хабарлағысы келгенін мойындады. Бірақ олар телефонды көтермеген соң, Орталық дүкеннің өзіне қоңырау шалған екен. Ол барлық қоңырауды өз ұялы телефонынан жолдаған. Сондықтан оның орналасқан жерін табу еш қиындық туғызған жоқ. Ер адамның айтуынша, ол мас күйінде өз іс-әрекеттеріне есеп бермеген. Кінәсін мойындап, өкінгеніне қарамастан, ол 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл — жарылыс, өртеу немесе адамдарға өлім, мүліктік залал келтіру қаупін тудыратын басқа да әрекеттер туралы көрінеу жалған хабарлау бабының диспозициясы. Сонымен қатар, сол күні, кешке Қарағандыдағы Бұқар жырау даңғылы бойындағы көп қабатты үйдің бірін жарып жіберуге бекінген тағы бір азамат қоңырау шалған. Анықталғандай масаң күйде батыр болып отырған бұзақы Нұр-Сұлтан қаласының 46 жасар тұрғыны болып шықты.

Ол да өз қылығына сәйкес ҚР ҚК 273 –бабын «арқалап» кетті.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ, QH.