Ауғандық студеттер Қазақстанда қалғысы келеді

Қарағандыдағы университеттің бірін тәмамдаған ауғанстандық жастар Қазақстанда қалдыруды сұрап отыр. Себебі, бес жыл бойы мемлекетаралық келісіммен оқыған 12 түлектің визасы 1 қыркүйекте аяқталады.

Солардың бірі – Абдулкасар Рассули тәліптердің ортасында қалған ата-анасы үшін алаңдайды. Өзінің елге қайтқысы жоқ. Виза мерзімін ұзартса деген өтініші бар. Ал көші-қон полициясы әзірге қандай да бір шешімге келген жоқ. Қазір олар оқулары аяқталса да университеттің жатақханасында тұрып жатыр. Құрылысшы дипломын алған шетелдіктер виза болмаған соң жұмысқа да тұра алмайды.

«Біз елімізге бара алмай жатырмыз. Өйткені сол жақта соғыс болып жатыр қазір. Енді біз жаспыз ғой, жақсы өмір сүргіміз келеді. Сол үшін бара алмаймыз. Өйткені біз басқа елден келеміз ғой. Егер біз Ауғанстанға барсақ, Талибандар не үшін басқа елге барып оқыдың деп бізді өлтіруден тайынбайды», — дейді. Ал, Қарағанды жоғары оқу орнының басшылығы виза мәселесі шешілгенше ауған азаматтары жатақханада тұра беретінін мәлімдеді. Еске салсақ, бұл студенттер Қазақстан мен Ауғанстанның үкіметаралық келісімі негізінде оқу грантын иеленген.

«Университет әкімшілігі қиын жағдайға түскен шетелдік студенттерге үнемі қолдау көрсетіп келеді. Қазіргі жағдайда ең басты мәселе виза мерзімін ұзарту. Содан кейін елшілікке хабарласуға болады. Біз өз тарапымыздан әзірге оларды жатақханамен қамтамасыз етіп отырмыз», — дейді Қарағанды техникалық университетінің тәрбие жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Жарқын Түсіпбеков.

Қолданыстағы заң бойынша, шетел студенттерінің Қазақстан аумағында 31 тамызға дейін қалуға құқығы бар. Мұны Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров айтты. Оның сөзінше, қазір ауғандарды елден шығарып тастау туралы мәселе жоқ. «Бұл азаматтарды Қазақстанда заңды түрде қалдыру мәселесі қарастырылып жатыр», — деді ол.

Қазақстан білім және ғылыми министрлігінің мәліметінше Қазақстанда Ауғанстанның 102 азаматы оқиды. 16 тамызда Білім және ғылым министрлігі олардың бәрі Ауғанстанға жазғы каникулға кеткенін хабарлаған. Қазақстан Сыртқы істер министрілігінің пікірінше, «олар Қазақстандағы оқуын жалғастыра береді».

ӨЗ ТІЛШІМІЗДЕН.