Қыстың қамын жаз ойла
Жылу электр орталықтарын жөндеу жұмыстары бақылауға алынды. Облыстың барлық станцияларында негізгі және қосалқы жабдықтарға жоспарлы түрде күрделі жөндеу жүргізіледі.
— Бүгінде тоғыз қазандық пен алты құбыр жөндеуден өткен. Тағы он екі қазандық пен бес құбыр жөнделетін болады. Екінші жылу электр орталығы, бірінші Қарағанды мемлекеттік электростанциясы және Жезқазған жылу электр орталығында жөндеу жұмыстары белгіленген уақыттан кешеуілдеп жүргізілуде, — деп атап өтті энергетика және коммуналдық-тұрмыстық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.
Сондай-ақ, биыл облыстың қалалары мен аудандарын газдандыру жұмысы жалғасуда. Бұл бағытта атқарылып жатқан істер облыс әкімдігінің бақылауында.
Өңір басшысы барлық қалалар мен аудан басшыларына жылу беру маусымына дайындықты тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
— Бюджеттік ұйымдар үшін көмірдің уақытылы жеткізілуін қамтамасыз ету қажет. Көмір тасымалының бағасына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп тұру керек. Әзірше, баға тұрақты. Бірақ жаппай сатылым басталғаннан кейін баға күрт өседі. Сондықтан, жеткізуші компаниялармен бірге көмірдің қоймаларда, темріжол қорында және өткізу орындарында болуы қадағалануы тиіс, — деп бұйырды Жеңіс Қасымбек.
Отын қоймаларында жыл сайын болатын күзгі толқу қайталанбас үшін билік өкілдері «қара алтын» тұтынушыларын қазірден қамдануға шақырды. Қарағанды облысында 34 көмір сату нүктесі бар. Өңірде тоғыз кен орны мен бір шахта жұмыс жасайды. Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен өткен онлайн жиында өнеркәсіп және индустриялықинновациялық даму басқармасының басшысы Мұрат Қыдырғанбеков өңірдегі отын ісі жайын баяндады.
— Биыл жалпы қоры 23,8 млн тоннаға жуық көмір өндіріледі деп күтілуде. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 5%-ға жоғары. Өткен жылы 4,9 млн тонна көмір тұрғындардың жеке үйлері мен коммуналдықтұрмыстық қажеттіліктерді өтеуге жұмсалған. Ал, 2021 жылы осы мақсатқа 5,6 млн тонна көмір тұтынылады деп жоспарлануда.
Көмір өндіруші кәсіпорындарда отынды кен орындарынан тікелей игеруге арналған алаңдар дайындалған. Осы айдан бастап, бюджеттік ұйымдар мен жер үй тұрғындарына жөнелтілуде. Өңірдегі 34 көмір сату нүктесінің 24-і теміржол қорының, 10-ы қоймалардың меншігінде.
— «Шұбаркөл Көмір» компаниясы облысқа күн сайын 19 вагон көмір әкеледі. Сұраныстың артуына байланысты, осы айда Шұбаркөлден келетін көмір қорын 35 вагонға, қыркүйектен бастап 40 вагонға дейін жеткізу қажет, — деп мәлімдеді өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы.
Ақзия ОРАЗАЛИЕВА, QH.