Үздік педагог

Екі мәрте Кеңес Одағының батыры Т.Бигелдинов атындағы Қарағанды республикалық «Жас ұлан» мектебінің ұстаздары арасында биыл дәстүрлі түрде «Үздік педагог – 2024» байқауы жалғасын тапты. Үздік ұстаз атанып, оқушы жүрегінен орын алған мамандар үш тілде бақ сынады.

Ұстаздық – әркімнің қолынан келе бермейтін мамандық. Үш тілде еркін сөйлеп, өзара бақ сынаған өз ісінің жауапты мамандары бірінші тапсырма аясында шығармашылық әлеуеттерін көрсеткен. Конкурстың екінші кезеңінде «Ашық микрофон», яғни мұғалімдерге шығармашылық тапсырма ұсынылып, шараға қатысушылардың сөз сөйлеуі назарға алынған. Мұнан бөлек ұстаздардың авторлық әзірлемесінің тұсаукесерін ұйымдастыру комитеті анықтаған. «Біздің басты байлығымыз – адам және адамдағы бар жақсылық – мұғалімнен, сондықтан біздерге қазіргі таңда үлкен жауапкершілік артылып отыр» дегенді айтқан Жеңіс Қошанов ой бөлісті.

– Бұл байқаудың маңызы зор, себебі ол үздіктердің ішіндегі үздік педагогтің еңбегін тануға мүмкіндік береді. Өзім қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімімін. 15 жыл қызмет етіп келемін. Байқауды жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан мамандарға көрсетілген құрмет болады деп сенемін. «Үздік педагог» байқауы аясында мұғалімнің білім саласын дамытуға қосқан үлесі, ұстаз қызметінің тиімділігі және кәсіби шеберлік ескеріледі, – дейді Жеңіс Қошанов.

«Үздік педагог» конкурсы педагогтердің қоғамдағы мәртебесі мен беделін арттыру, үздік мұғалімдердің озық педагогикалық іс-тәжірибесін тарату мақсатында қолға алынған. Байқау қорытындысында 15 жылдық еңбек өтілі бар қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Жеңіс Қошанов бірінші орынға лайықты деп танылған. Үздік педагог дипломмен және «Үздік педагог – 2024» кубогымен, сондай-ақ 25 000 теңге ақшалай сертификатпен марапатталды. «Үздік педагог – 2024» байқауының «Заманауи педагог» номинациясында дипломмен және 15 000 теңге мөлшерінде сертификатпен Тарас Бондарь марапатталды. «Үздік педагог – 2024» байқауының «Кәсіби педагог» номинациясында диплом және 15 000 теңге мөлшеріндегі сертификатқа 28 жыл еңбек өтілі бар биология пәнінің мұғалімі Тайтөлеу Шоланов лайық деп танылды. «Үздік педагог – 2024» байқауының «Шебер педагог» номинациясында дипломмен және 15 000 теңгелік сертификатпен 27 жыл еңбек өтілі бар Меруерт Жақанова марапатталды.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,«QH»