ТӘРБИЕ БАСЫ – ТІЛ

Қарағанды облысында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің аймақтық форумы өтті.

Мәні мен маңызы зор форумға Қарағанды облысы мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері және жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, мектепке дейінгі ұйымдар мен бастауыш сынып мұғалімдері, қосымша білім беру ұйымдарының қазақ тілі мұғалімдері, тіл оқыту орталықтарының оқытушылары мен әдіскерлері, тіл жанашырлары, қоғам белсенділері мен журналистер қатысты.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының негізгі жұмыс бағыттарының бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсету. Аталған мақсатта еліміздің ірі облыстары мен қалаларында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің аймақтық форумы ұйымдастырылады. Алғашқы форум Қарағанды облысы мұғалімдері мен білім саласы мамандары арасында өткізілді. Ашық пікір форматында өрбіген алқалы жиынның нәтижесінде мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған ортақ алаң, қауымдастық, құрылды. Ал бағаналы басқосуда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мен мазмұн қорын көбейту мәселесіне тереңінен тоқталды. Сонымен қатар спикер тілдің заманауи тартымдылығын арттыру бағытындағы іс-шаралар мен жобаларды таныстырды.

– Аймақтар арасында алғаш рет осы Қарағандыда өтіп жатқан – қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне арналған форум. Біздің мақсат – білім беру жүйесіндегі тілді оқыту әдістемесін, құралдарын дамыту және осы салада жүрген мамандарға әдістемелік, техникалық көмек көрсету жағын қарастыру. Біздің ойымызша, қоғамдағы тілге қатысты көп мәселе – осы білім беру жүйесіндегі тілдік дағдыларды, тілдік құзыреттерді қалыптастыруда кеткен кей кемшіліктің салдары. Сондықтан егер балабақшада, бастауыш мектепте, негізгі мектепте тіл мен әдебиетті оқыту тиісті жоғары деңгейде болса, онда біз көптеген мәселені оңай шешер едік. Осы ортада жүрген мұғалімдерді қолдау, қорғау, оларға жан-жақты демеу ұйымдастыру бұл мәселені оңтайлы шешуге ықпал етер еді. Бір жағынан, ғылыми, әдістемелік, техникалық жұмыс, әкімшілік жұмыстың барлығын талқылап, бір жағынан, мұғалімдердің пікірін естігіміз келеді. Сол тіл мен әдебиетті оқытып жүрген мамандар не дейді? Қандай алаңдаушылық бар? Қандай көмек керек бұл кісілерге? Біздің қоғамның құрылғанына биыл отыз бес жыл. Негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің мемлекеттік тіл ретінде дұрыс, кеңінен қолданылуына жағдай жасау. Тілдің тиісті тұғырына көтерілуіне көмектесу. Жоспарымызда еліміздегі барлық аймақты аралап, қазақ тілі мен әдебиетін оқытатын мамандармен кездесу, тілдесу бар, – деп атап өтті Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.

Қарағанды облысында 180-нен астам мектепке дейінгі ұйым бар. Оның ішінде 147 мектеп жанындағы шағын орталық жұмыс істейді. 13 мыңнан астам балаға арналған 108 мектепке дейінгі ұйым мемлекеттік тілде қызмет көрсетеді. Қарағанды облысында 402 мектеп болатын болса, оның 165-і – қазақ мектебі, 77-сі – орыс мектебі, 160-ы – аралас мектеп. Айталық, 2025 жылға дейін 13 453 оқушыға арналған 21 мектеп салу жоспарланып отыр. Қарағанды облысында өткен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің аймақтық форумында сөз алған Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында атқарылып жатқан ірі істер жөнінде кеңінен баяндады.

– Тіл саясатын жүргізу, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында Облыстық тілдерді дамыту басқармасы тарапынан да нақты жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылға дейін мемлекеттік тілді толық меңгерген облыс тұрғындарының үлесін 68%-ға жеткізуді көздеп отырмыз. Мемлекеттік тілді оқытатын 6 оқыту орталығы мен 8 оқыту курсы бүгінде жұмыс жасап тұр. Жылына 3 500 адамға қазақ тілі оқытылады. Облыста қазақ тілінде ауызекі сөйлеу дағдыларын қалыптастыру мақсатында да біраз жұмыс атқарылуда. Атап айтсақ, осы Достық үйінде «Мәміле» клубы біраз жылдан бері жұмыс жасап келеді. Балқаш қаласында «Маржан сөз», Саран қаласында «Til.kz» және басқа да клубтар жұмыс жасайды. Облысымыздың ірі сауда орталықтарында да тіл курстары ашылған. Оған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мүдделік танытып, қызығушылық білдірді. Олардың қолдауының арқасында мұндай оқу орталықтары облыс орталығынан бөлек Теміртау, Саран сияқты басқа ірі қалаларда да қызмет етіп, халыққа тілді оқытып жатыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамында да бірқатар жұмыс бар. Өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында осыдан бірнеше жыл бұрын «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасын бастаған едік. Сол кезеңнен бергі өткен іс-шаралардың, оқыту курстарының арқасында мыңдаған өзге ұлт өкілінің баласы қазір мемлекеттік тілде еркін сөйлейді, – деді Ерлан Құсайын.

Кеншілер шаһарының төрінде түндігін түрген алқалы жиында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ғылым және білім жөніндегі вице-президенті мазмұнды баяндама жасады. Шерубай Құрманбайұлы оқулық сапасы және мұғалімдердің кәсіби біліктілігін жетілдіру тақырыбында өзекті мәселелерді жан-жақты тұрғыдан қаузап, ұтымды ұсыныстарын айтты. Ал «BMG UpSkill» компаниясының директоры Әсел Мұхаметжанова бастауыш сынып оқушыларының оқу сауаттылығын арттырудың аспектілерін айрықша атады. Сонымен қатар форумда Қарағанды облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Алмагүл Игенова тіл үйретудегі цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін де мейлінше мәлімдеді.

Форум аясында көрме ұйымдастырылып, онда қонақтардың назарына Қарағанды облысында соңғы үш жылда қолға алынып, іске асырылған оқу-әдістемелік құралдар ұсынылды.

– Көрмеге соңғы үш жылда жарық көрген оқу-әдістемелік құралдар, оқу-әдістемелік кешендер, дидактикалық материалдар да қойылған. Бүгінгі форумдағы ерекшелік – «Сарыарқа» оқу-әдістемелік кешенінің үшінші басылымының тұсаукесері болды. Бұл басылымның алдыңғы оқу құралдарынан ерекшелігі – толығымен жаңадан басылып шығарылды және мұның веб-сайты бар. Кітаптың сыртында үш QR-код бар. Біріншісі арқылы веб-сайтқа өтеді. Екінші QR-код арқылы YouTube арнасына өтуге болады. Үшіншісі – осы кітаптың жеке сайты. Бұрын кітапқа қосымша дискілер берілетін. Бұл жолы ондай дискісіз QR-код арқылы сайтқа өтуге болады, – деп түсіндірді Қарағанды облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Алмагүл Игенова.

Ашық пікір алаңына айналған басқосудың қатысушылар және салмақты ой қозғаған спикерлер үшін жөні мен жолы бөлек. «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әдістеме LAB басқармасының басшысы Ысқақова Жазира Мақсұтқызы қазақ тілін оқытудағы IT-жобалар жайлы нақтылап айтты. Форумда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін арттыру мен оқыту әдістемесін жетілдіру жағы да сан қырынан ортаға салынды. Жиналған қауым мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту және педагогикалық шеберлігін арттырудың оңтайлы жолдарын да сананың сүзгісіне салды. Қазақтілді оқушылардың оқу сауаттылығы мен академиялық жазу мәдениетін дамытудың механизмдері талданып-таразыланды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытуда цифрлық технологияларды қолдану мәселелерін де спикерлер парасатты пайымдарымен жіліктеп жеткізді. Әр мұғалімге сыныпта қолданылатын әдістемелер мен нақты құралдар ұсынылды. «Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі», – деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, елін, жерін сүйген әрбір азаматтың көкірегінде ана тіліне деген сүйіспеншілігінің мақтаныш сезімі болуы керек. Түптеп келгенде, тіл – ұлттың жаны. Ұлттың болашағы – оның ана тілі. Тіл халықпен бірге өмір сүріп дамиды. Сондықтан тілдің ұлт тірегі мен тұғыры екенін айтып тарқасты форумға қатысушылар.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ,«QH»