ЖАСТАР – БОЛАШАҚТЫҢ ЖАРҚЫН АЙНАСЫ


Жастар болашақтың жарқын айнасы іспетті. Ал осы болашақ ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде зор үлес қосып жүрген азаматтардың орны ерекше. Осы мақсатта Ардагерлер кеңесі мүшелері мектеп оқушыларымен кездесіп, қазақ ұлт-азаттық күресінің жетекшісі Сырым Датұлы жайында тарихи-әдеби кеш өткізді.
Шара басында батырдың сол замандағы ерліктері туралы презентация көрсетілді. Оны Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті тарих факультетінің аға оқытушысы Аслан Қуанышұлы жүргізді. Сонымен қатар оқытушы жиналғандарға батыр жайында тың тарихи деректерді баяндады.
– Біз тәуелсіздік алғаннан кейін батырларымызды, осы тәуелсіздік үшін күрескен, халық үшін күрескен батырлар туралы біліп, олардың ерліктерін насихаттап, жасаған еңбектерін балаларымызға айтып осындай шаралар өткізу маңызды. Бүгінгі шара бір кездері Батыс Қазақстанда болған С.Датұлы көтерілісіне қатысты өткізіліп жатыр. Ол кісінің еңбегін өскелең ұрпақ ұмытпауы тиіс, – дейді Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті тарих факультетінің аға оқытушысы Аслан Мейрамбеков.
Қонақтарға мектеп ұжымы батыр жайында тарихтан сыр шертетін сахналық қойылым ұсынды. Оқушылар көрермендерге батырдың сол замандардағы ерлік істерін жеткізуге тырысқан. Сонымен қатар домбырамен күй шертіліп, ән шырқалды.
– Менің ойымша, мұндай шаралар тарихи байланысты қалыптастыру үшін маңызды. Мысалы, қазіргі кезде бізде тарихты барлығы біле бермейді. Мұнда болған қойылымдар арқылы жастарға аз да болсын өткенімізден ақпар бергіміз келді, – дейді С.Сейфуллин атындағы гимназия оқушысы Бекарыс Тұраров.
– Ұлт-азаттық күрес жетекшілерінің бірі, батыр, қолбасшы жайында жастардың білуі өте маңызды. Оның ерлік істері оқушылардың рухын көтереді. Тарихта аты қалған ұлы бабамызды ұрпаққа жеткізіп отыру – біздің басты мақсатымыз, – дейді Ардагерлер кеңесінің мүшелері.
– Біздің жастарымыз терең білім алып, ертең оны іске асырып отырса қандай ғанибет. Ертең жақсы жұмыс істеп, адал еңбекпен еліне пайдасын тигізсе дейміз. Кешегі батырлар – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Соларды көріп отырған балаларымыз, біріншіден, жанұясына, екіншіден, Отанымызға жақсы қызмет істеп отырса қандай керемет. Мына Сырымдай батырлар, Абай бабаларымыз айтып кеткен өсиеттерді іске асырса, Қазақстанымыз әрі қарай гүлденіп жарқырай бермек, – дейді Қазтұтынуодағы экономика университетінің Ардагерлер бастауыш ұйымының төрағасы, отставкадағы полковник Жеңісбек Сүйіндіков.
Сырым Датұлы – қолбасшы батыр, би, шешен, 1783-1797 жылдардағы Кіші жүз руларының орыс отаршыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшісі. Оның патша үкіметіне қарсы күресі келешек ұрпақтың отансүйгіштік сезімін оятады. Жастардың қазақ тарихындағы ата-бабаларымыздың кім екенін білуі өте маңызды. Оқушылар ардагерлерге батыр жайында сұрақтар қойып, көкейдегі сауалдарына жауап алды.