Сыйлық беру салтын сақтасақ…

Ұлыстың ұлы күні жақындағалы, әлеуметтік желіде дау басталды. Әлгі күнтізбе ресми ауысатын кездегі Жаңа жылды тойлайтындар мен тойламайтындардың жыры ғой. Қарап отырсақ, бір жылда екі бірдей Жаңа жылды тойлайтын тек біз ғана емес екенбіз. 31 желтоқсандағы күнтізбенің ауысуын әлем елдерінің басым бөлігі атап өтеді. Тек санаулы мемлекеттерде ғана тыйым салынған. Бірақ оларда қос мерекені бір-біріне бақталас қылып қою аса байқала бермейді. Ал біз неге бүйттік?

Мәселенің мәні тым тереңде жатқан тәрізді. Кеңес кезеңінде ұлтсыздандыру саясаты белең алды. Аз халықты түпкі тегінен ажыратудың амалы ретінде салт-дәстүр мен мерекелерге тыйым салынды. Наурыз мейрамы бақандай 62 жыл тойланбады. Әрине, билік тыйым салды екен деп ауылдағы ағайын қарап қалған жоқ. Көнеден қалған ескі салтты сақтап, шамасына қарай атап өтті. Бірақ осы бір шектеудің салқыны көптеген ғұрыптың жойылып кетуіне себеп болды. Ал әз Наурыз мейрамы тек жылда бір мәрте ұлттық салт-сананы еске түсіретін, қазақы киім киетін сахналық мереке кейпінде ғана қалды.

Жұрт неге Жаңа жылды асыға күтеді де, Наурызға салқын қарайды? Мәселе сыйлық беру мәдениетінде жатқан тәрізді. Сыйлық алуды ұнатпайтын адам жоқтың қасы. Өйткені ол – адамның жанын жадыратып, бір марқайтып тастайды. Ал мереке жалпыхалықтық сипатқа ие болу үшін, ол – адамға көтеріңкі көңіл-күй, әдемі әсер мен жағымды естелік сыйлауы тиіс. Жаңа жылда бұл бар. Желтоқсанның соңына таман көшеде сыйлық іздеп сабылған жұртты көп көреміз. Әсіресе балалар тәттіге тойып, жаңа ойыншық алып бір жырғап қалады. Ал Наурызда ше? Бәлкім, бар шығар. Бірақ өте сирек. Өз басым Наурызға деп сыйлық іздеп жүгірген адамды көрмеппін…

Жалпы алғанда, сыйлы адамның иығына шапан жауып, ат мінгізу, сәлемдеме беріп жіберу ғұрпы біздің халықта ежелден-ақ жақсы қалыптасқан. Үлкендердің айтуынша, қардың көбесі сөгіліп, көктем лебі соға бастаған сәтте-ақ ауыл-аймақ Наурыз тойына қызу дайындықты бастап кетеді екен. Өйткені қыстай хабар алыспай сағынысқан жұрттың көрісіп, мауқын басар күні – осы. Әжелеріміз қазан көтеріп, арнайы сақтаған сыбағаларын асады. Сандықтан түрлі тәтті-дәмді шығарылып, балалар да мәз болып қалысады. Наурызшылап келген ағайын өзіне арнайы сақталған сыбағадан дәм ауыз тиіп, сәлемдемесін табыстайды. Қазіргі тілмен айтқанда, бір-біріне сыйлық ұсынады. Ал жігіттер жағы көңілі қалаған бойжеткенге «селтеткізер» деп түрлі әшекей бұйым ұсынған. Ал олар өз кезегінде жігіттерге «ұйқыашар» береді. Мұның бәрі – жанына жақын адамның көңілін көтеру, құрмет көрсету мақсатында жасалатын ізгі амал. Өкінішке қарай, қазір бұл ғұрып қолданыстан шығып қалған. Ұстанатындар аз. Көп жағдайда Наурыздың мәнін ашуға арналған мерекелік шараларда сахналық образ ретінде ғана көрініс табады. Бәлкім, осы дәстүрлерді заманға сай қайта жаңғырту керек шығар? Сіз қалай ойлайсыз?

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«QH»