Ұлттық тәрбиенің бастауы – Алаш

Қарағанды қаласы әкімдігінің бастамасымен кеншілер қаласында «Алаш айлығы» жобасы өтіп жатыр. Жоба тәуелсіз Қазақстан Республикасының негізі саналатын Алаш автономиясының 105 жылдығына арналған. Осыған орай қаладағы білім ошақтарында Алашорда үкіметіне қатысты тарихи-танымдық сабақтар мен кездесулер, арнайы кештер ұйымдастырылуда.

Шынымен де, қазіргі Қазақстан Республикасының ішкі және сыртқы саяси ұстанымы сонау Алашорда үкіметінің ұстанымына сай келеді. Заңды жалғасы десек те, артық айтқанымыз емес. Ендеше ұрпақ жадына ұлттық идеологияны сіңіру де Алаш идеясынан бастау алуы керек емес пе? Бұл жобаның артықшылығы да – оқушыларды қамтуы. Жоба аясында қаламыздың барлық мектебінде түрлі деңгейдегі шаралар өтіп жатыр. Одан бөлек Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театры өнерпаздарының қатысуымен арнайы бейнероликтер әзірленген. Мұның барлығы өскелең ұрпақ бойына Отанға деген сүйіспеншілік пен махаббаты сіңіруге бағытталып отыр.

«Алаш айлығы» аясындағы танымдық шара Мағжан Жұмабаев атындағы №39 орта мектеп қабырғасында да өткен болатын. Оған Түркия еліндегі Акдениз университетінің PhD докторы Саваш Шахин де қатысып, бауырлас елдер арасындағы рухани үндестік жайын сөз етті.

– Қазақтың қайсар рухты ақыны Мағжан Жұмабаев «Алыстағы бауырыма» атты тарихи өлеңін Түркияның ХХ ғасыр басындағы тағдырына алаңдап жазған. Бұл Түркиядағы Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған ұлт-азаттық күрестің басталған кезеңі еді.

1919 жылдың 19 мамырында Мұстафа Кемал Самсунға инспектор ретінде аттанып, сол жылдың жазында-ақ одақтас елдердің басқыншылығына қарсы түріктердің ұлт-азаттық көтерілісін бастады. Осман Империясының Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңіліс тауып, Ыстанбұл Антанта одағының қолына өтіп, капитуляция шарты бойынша ел армиясы толық таратылып, қарусызданып жатқан шақ болатын – бұл, – дейді Саваш Шахин.

Иә, ХХ ғасыр күллі түркі баласы үшін сын сағаты соққан ғасыр болды. Дәл осы бір алмағайып заманда Мағжан ақын «Алыстағы бауырыма» деген өлең жазып, түбі бір түркі елінің тағдырына алаңдаушылық білдірген-ді. Бұл да болса Алаш арыстарының таным көкжиегі Қазақстанмен ғана шектеліп қалмағанын, олардың әлемдік тұрғыда ойлай білгенін аңғартса керек.

– Алаш арыстары тек Қазақ елінде ғана танылмаған. Олар – бүкіл одаққа аты шыққан жан. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаевтар – елдің ымырасы үшін басын бәйгеге тіккен жанкешті тұлға. Сонымен қатар дәл осы Алаш арыстарын тек біз ғана емес, бүкіл түркітілдес мемлекеттер танып біледі. Өйткені, олардың ойынша, Алаш арыстары – түркілерге ортақ тұлға, – деді мектеп директоры Абылай Армияұлы.

Қарағанды қаласында «Алаш айлығы» жалғасын тауып жатыр. Желтоқсан айында Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарих факультетінде осы жобаның жалғасы есебінде «Алаш апталығы» өтпек. Оған есім-сойы елге танымал алаштанушылар, журналистер қатысып, ТEDх форматында кездесу өткізеді деп жоспарлануда.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»