ВАКЦИНА САЛДЫРМАҒАН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР ҚАНША АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙДІ?
Коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында жұртшылық жаппай вакцина салдыруда. Мамандар қауіпті індеттен құтылудың жалғыз жолы екпе екенін айтуда. ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысы бойынша қызмет көрсету объектілерінің, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері екпе алуға міндеттелген еді.
Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Ержан Байтанаев белгіленген уақытқа дейін екпе алмаған жұмысшылар мен жұмыс берушілер қандай жазаға тартылатынын айтқан болатын. Ержан Байтанаевтың сөзінше, шағын, орта және ірі кәсіпорындардың жұмысшылары жазаға тартылмайды, оларға айыппұл салынбайды. Ал вакцина салдырмаған адамдарды жұмысқа кіргізген кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 462-бабы, 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама рәсімделмек.
«Мемлекеттiк бақылау және қадағалау органдары (лауазымды адамдар), мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары өздерінің құзыретi шегiнде берген заңды талаптарды, нұсқамаларды, ұсынуларды, қаулыларды орындамау немесе тиiсті деңгейде орындамауы үшін айыппұл төлейді», — делінген осы бапта.
Айыппұлдың көлемі де көрсетілген. Олар:
жеке тұлғаларға – 5 АЕК (14 585 теңге шамасында),
лауазымды адамдарға – 15 АЕК (43 755 теңге шамасында),
шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 100 АЕК (291 700 теңге шамасында),
орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК (583 400 теңге шамасында),
ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 500 АЕК (1 458 500 тенге).
Сонымен қатар, кәсіпкерлік нысанның қызметін тоқтатуы да ықтимал.
Осы орайда қоғам ішінде «ЖК» ашқан және жалғыз өзі істейтін кәсіпкерлерге қатысты сұрақтар жиі қойылып жатыр. Мысалы, шаштараз жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өзі ғана жұмыс істейді.
«Ондай жеке кәсіпкерге микро-ИП ретінде жеке адамдарға қарастырылған айыппұл (5 АЕК) салуға шешім қабылданды», — дейді Байтанаев
. Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, тексеріс шаралары 15 шілдеде басталды. Алайда жаппай вакциналаудың мерзімі 10 тамызға дейін ұзартылған болғандықтан қазір ішінара тексеріс жүріп жатыр. Ал 15 тамыздан кейін жаппай тексерістер басталады. Мониторингтік топтар да осы жұмысқа тартылады. Ержан Байтанаевтың сөзінше, қазіргі уақытта елімізде вакцинаның көлемі жеткілікті.
Қазіргі уақытта Қарағанды өңірінде 371515 адам вакцинаның бірінші компонентін алса, 238171 адам толық екі компонентті екпе қабылдаған.
Аружан АЛПЫСБАЙ, «QH»