12 маманға жұмыс берген кәсіп
Қарағанды қаласында массаж қызметін дамытып жүрген жас кәсіпкер Фатима қысқа уақыт ішінде шағын кабинетті үлкен спа-салонға айналдырып, жастарды жұмыспен қамтуға үлес қосып келеді. Ол бұл салада 2023 жылдан бері еңбек етіп, бүгінде 12 массажистпен бірге қызмет көрсетуде.
Кәсіпкердің айтуынша, алғашында небәрі 15 шаршы метрлік шағын кабинеттен басталған іс бүгінде сұранысқа ие сауықтыру спа-салонына айналған.
– Массаж – адам денсаулығына тікелей пайдасын тигізетін, өзім де жақсы көретін сала. Адамдардың ауырсынуын азайтып, көңіл-күйін көтеруге көмектесу – менің басты шабытым. Алғашқы идея туыс-достарыма массаж жасап, олардың оң пікірін естігеннен кейін келді. Содан соң кәсіби түрде қызмет көрсетуді бастадым, – дейді Фатима.
Қазіргі таңда спа-салон қызметіне сұраныс жоғары. Күн сайын ондаған тұрғын арқа, мойын, бел ауруларын емдету, стресс пен шаршауды жеңілдету, спорттық жарақаттан кейін қалпына келу және жалпы денсаулықты нығайту мақсатында келеді. Сонымен қатар, жүкті әйелдер мен қарт адамдарға арналған массаж түрлеріне де қызығушылық артып отыр.
Фатима кәсібін дамытумен қатар, жастарды жұмыспен қамтуға да ерекше көңіл бөледі. Бүгінде оның ұжымында еңбек етіп жүрген 12 массажистің басым бөлігі – студент жастар.
– Студенттерге тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беру маңызды деп есептеймін. Көп жерде оларды жұмысқа қабылдай бермейді. Ал жастар таза еңбекпен табыс тауып, ата-анасына салмақ салмай, өз күнін өзі көрсе деймін. Сондықтан оларды оқытып, кәсіби тұрғыда дамуына қолдау көрсетемін, – дейді кәсіпкер.
Алдағы уақытта кәсіпкер спа-салон жұмысын кеңейтіп, жаңа филиал ашуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, массажистерге арналған оқу орталығын құру, онлайн жазылу мен кеңес беру жүйесін дамыту және экологиялық таза өнімдерді пайдалану аясын кеңейту де негізгі мақсаттарының бірі.
– Менімен бірге жұмыс істейтін жас мамандардың болашағы жарқын болғанын қалаймын. Әрқайсысы өз еңбегімен жетістікке жетіп, отбасын асырайтын деңгейге көтерілсе деймін, – дейді Фатима.
Кәсіпкер мемлекет тарапынан ұсынылатын гранттар мен жеңілдетілген бағдарламалар туралы білетінін айтады. Әзірге кәсібін өз қаражаты есебінен дамытып келе жатқан ол алдағы уақытта мемлекеттік қолдау тетіктеріне қатысып, кәсібін одан әрі өркендетуді көздеп отыр.
Фатиманың еңбек жолы – табандылық пен адал еңбектің нәтижесінде шағын істі үлкен кәсіпке айналдыруға болатынын көрсететін жарқын мысал.
Жанайым ЖАЛҒАС,
«QH»

