Жолбарыс тарихи мекеніне қайта оралды

Қазақстанда сирек кездесетін жыртқыштарды табиғи ортаға қайта жерсіндіру бағытындағы маңызды жоба жаңа кезеңге өтті. Шілде айының соңында «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағына «Үміт» лақап аты берілген амур жолбарысының ұрғашысы жабайы табиғатқа жіберілді. Бұл – соңғы 70 жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет жолбарыстың тарихи мекеніне қайта оралуы.

Балқаш маңы мен Іле өзенінің аңғары өткен ғасырдың ортасына дейін тұран жолбарысының табиғи мекені болған. Алайда браконьерлік пен табиғи ортаның бұзылуы салдарынан бұл жыртқыш Қазақстан аумағында мүлде жойылып кеткен. Соңғы жылдары Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жұмысы нәтижесінде осы бірегей жануардың популяциясын қалпына келтіру жобасы жүзеге асырылып келеді.

Биыл мамыр айында Ресейден жеткізілген төрт амур жолбарысының бірі – «Үміт» ветеринариялық тексерулерден сәтті өтіп, табиғи ортаға жіберілді. Оның мойнына заманауи GPS-қарғыбау тағылып, қозғалысы спутниктік бақылау жүйесі мен фототұзақтар арқылы тәулік бойы қадағаланады. Бұл мамандарға жыртқыштың жаңа ортаға бейімделуін және табиғи экожүйедегі тіршілігін ғылыми тұрғыда бақылауға мүмкіндік береді.

Жолбарысты табиғи ортаға жіберу рәсіміне Ресей Федерациясының Әділет министрі Константин Чуйченко мен Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қатысты.

– Жолбарыстар табиғи ортада жақсы тіршілік етеді. Олардың санын көбейтіп, тарихи мекеніне қайта жерсіндіруді көздеп отырмыз, – деген болатын Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бұған дейін өткен брифингтердің бірінде.

Мамандардың айтуынша, бұл жоба тек жолбарыс популяциясын қалпына келтіруге ғана емес, ондаған жыл бойы негізгі жыртқышсыз қалған Іле-Балқаш өңірінің табиғи тепе-теңдігін қайта қалыптастыруға бағытталған. Сондықтан «Үміттің» табиғатқа жіберілуі Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтауға арналған маңызды экологиялық бастамалардың бірі саналады.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»