Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі цифрлық технологиялардың рөлі
Елімізде жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында заманауи цифрлық технологиялар белсенді енгізілуде. Бүгінде интеллектуалды жүйелер құқық бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, жолдағы жағдайды жедел бақылауға және төтенше жағдай кезінде азаматтарға дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ұшқышсыз ұшу аппараттарының мүмкіндігі кеңінен қолданылып келеді. Әуеден бақылау жүргізетін мұндай құрылғылар жылдамдықты шамадан тыс асырған, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған жүргізушілерді жедел анықтап, құқық бұзушылықтарды тіркеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар дрондар жол-көлік оқиғалары болған жағдайда оқиға орнын бақылауға және тиісті қызметтердің көмекке жедел жетуіне ықпал етеді. Патрульдік автокөліктерге орнатылған мобильді кешендер де жол қозғалысын бақылаудың тиімді құралдарының біріне айналды. Заманауи жүйелер жол белгілерінің талаптарын сақтамау, белгіленген жылдамдықты арттыру сияқты құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтайды. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында көлік қозғалысының орташа жылдамдығын бақылау жүйесі де енгізілген. Қазіргі таңда бұл технология еліміздің республикалық маңызы бар 12 бағытын қамтып отыр. Жүйенің негізгі мақсаты – жүргізушілерді жол бойындағы қауіпсіз жылдамдықты сақтауға ынталандыру. Бұл әсіресе ұзақ қашықтықтағы жолдарда маңызды, себебі жылдамдықты шамадан тыс арттыру ауыр жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін. Түнгі уақытта, ауа райы қолайсыз болған кезде немесе жүргізуші шаршаңқы күйде көлік басқарған жағдайда жолдағы қауіп арта түседі. Осындай сәттерде заманауи лазерлік технологиялар мен бақылау құралдары жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосымша мүмкіндік береді. Цифрлық шешімдермен қатар автомобиль жолдарының жүріс бөлігін жасанды жарықтандыру жұмыстары да жүргізілуде. Жарықтандырылған жол жүргізушінің көріну мүмкіндігін жақсартып, қауіпті жағдайлардың алдын алуға көмектеседі. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Бұл іске әрбір жүргізуші мен жаяу жүргінші жауапкершілікпен қарауы тиіс. Қарапайым жол ережелерін сақтау, жылдамдықты асырмау және көлік басқару кезінде мұқият болу – адам өмірін сақтаудың ең тиімді жолдарының бірі.
— Қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтарға жедел көмек көрсету мақсатында заманауи цифрлық технологиялар енгізілуде. Бұл шешімдер жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауға және жолдардағы қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді. Әуеден бақылау жүргізетін ұшқышсыз ұшу аппараттары, патрульдік автокөліктерге орнатылған мобильді кешендер және көліктің орташа қозғалыс жылдамдығын бақылайтын жүйелер қолданылуда. Барлық шаралардың басты мақсаты – азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан барлық жол қозғалысына қатысушыларды белгіленген ережелерді қатаң сақтауға шақырамыз, -деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Бағланбек Айтпаев.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

