Жол ақысы қымбаттайды

29 наурызда қалалық мәслихат депутаттары кезекті XVII сессияда Қарағанды қаласының қоғамдық көлігінде жол жүру ақысын төлеудің сараланған жаңа тарифін мақұлдады. Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл тариф мамыр айында күшіне енеді.

Қолма-қол ақшасыз есептесу үшін қала автобустарында жол жүру құны 100 теңге, ал қолма-қол ақша арқылы 200 теңге болмақ.

– Қалада ағымдағы тариф (80 теңге) 2014 жылғы қаңтарда, 10 жылдан астам уақыт бұрын белгіленген. Тасымалдаушылардың негізгі шығындарының құны орта есеппен үш есе өсті, олардың қатарында жанар-жағармай, шиналар және жалақы т.б. бар. Шығындардың ұлғаюы, жылжымалы құрамды жаңарту, жаңа маршруттардың іске қосылуын субсидиялау қажеттілігінің өсуіне әсер етеді. Әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, сондай-ақ субсидияларға қажеттілікті және бюджетке түсетін жүктемені азайту үшін біз жолақыны қолма-қол ақшасыз төлеу үшін 20 теңгеге және қолма-қол есеп айырысу кезінде 200 теңгеге дейін қымбаттатуды ұсынамыз. Өсім 25 пайызға артады, – деді сессияда Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапанов.

– Бүгінгі таңда субсидиялау үшін пайдаланылатын орташа есептік тариф 375 теңгені құрайды. Бұл ретте кейбір шалғай бағыттар жүргізушілердің жалақысын да өтемейді, – деп атап өтті спикер.

Тарифті көтерудің мәжбүрлі шара екенін атап өтті сессияда Қарағанды әкімі Мейрам Кожухов. Тасымалдаушылар қызмет сапасын жолақы тарифін көтеру арқылы ғана сақтай алады.

– Бірнеше жыл бұрын кей маршрут қысқартылып, автобустар жолда бұзылып, желіге көліктің тиісті саны шықпайтын, – дейді Мейрам Кожухов. – Атқарылған жұмыстың арқасында біз бұл мәселелерді ішінара шештік. Қазір жылжымалы құрам 80 пайыз жаңартылды, 328 автобус сатылып алынды, оның 146-сы өткен жылы жаңартылды. ONAY! жүйесін енгізудің арқасында қалалық маршруттар оңтайландырылды, тасымалдаушылар жоспарларын алып тастады, жолаушы жинау жарысы тоқтады. Танымал маршруттар жұмыс уақытын ұлғайтты.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,«QH»