Жастарды жұмыспен қамту

Жұмыссыздықты азайту және жұмыспен қамту деңгейін арттыру мақсатында Е.А.Бөкетов атындағы ҚарЗУ Еңбек күніне арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. Шараны өткізу орны кездейсоқ таңдалмады. Ұйымдастырушылар студенттерге мемлекет тарапынан жастарды қолдау бағдарламалары мен ең қажетті мамандықтар туралы алдын-ала білуге мүмкіндік беру басты идея болғанын айтады.

– Еңбек күніне орай біз бұл жәрмеңкені Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетімен бірлесіп ұйымдастырдық. Студенттер еңбек нарығындағы ұсыныстар, сондай-ақ кәсіби тәжірибе мүмкіндіктері туралы білгісі келеді. Шараның мақсаты – жұмыс беруші мен жастардың тікелей байланысы арқылы жұмысқа орналасуды жеңілдету, – деді Қарағанды облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Нұржан Сыздықов.

Өткізілген шарада 352 студентке 2024-2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы шеңберінде консультация берілді. «Silk Road Electronics» ЖШС, «KAMA TYRES» ЖШС жұмыс берушілерімен кездесу өткізілді, оның барысында 26 студенттер үшін олардың мамандықтары бойынша өндірістік тәжірибеден өтуге орындарын тапты.

Шараға 42 жұмыс беруші қатысып, 800-ден астам бос жұмыс орындарын ұсынды.

Бос орындар жәрмеңкесінің тұрақты қатысушылары – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының филиалдары, «Қазпошта», «Қарағанды магистральдық желі бөлімшесі» ҚТЖ ҰК АҚ.

– Біздің жастардың қазір қаржылық сауаттылығы жоғары. Көбісі қосымша жұмыс істейді және жинақ жасауға тырысады. Студенттер бізге практикаға келеді, ал кейбіреулері оқуын бітіргенге дейін жұмысқа орналасады, – дейді БЖЗҚ филиалының өкілі Ақмарал Түсіпбекова.

Сонымен қатар жәрмеңкеге келушілер үшін «Jumys Tap» жобасы бойынша, сондай-ақ тұрақты және уақытша жұмыс орындарына, оның ішінде «Күміс жас», «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Әлеуметтік жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар» бағыттары бойынша және қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бойынша консультациялар ұйымдастырылды.

Еске салайық, барлық өзекті бос жұмыс орнын enbek.kz порталынан білуге болады.

Және де жұмыспен қамту бойынша толық ақпараттарды мына байланыс телефондары арқылы білуге болады: 8-775-644-35-80, сall center: 8-7212-60-50-50.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, «QH»