Елордадан келген фотобазарлық

Қарағандыда фотоөнер сүйер қауым үшін ерекше көрме ашылды. Облыстық бейнелеу өнері мұражайында Астана қаласындағы «PHOTOBAR» фотоклубының көшпелі көрмесі ұйымдастырылды. Экспозицияға репортаждық кадрлар, көркем портреттер, деректі жобалар мен авторлық жұмыстар қойылып, көрермендерді уақыт пен қоғам тынысын бейнелеген ерекше әлемге жетеледі.

Көрме «PHOTOBAR» фотоклубының құрылғанына он жыл толуына орай ұйымдастырылған. Экспозицияға фотоклубтың 16 мүшесінің соңғы он жылдағы шығармашылық ізденістерін қамтитын 32 туындысы қойылған.

«Қарағанды» фотоклубының жетекшісі Тимур Кудеринов бұл көрменің ерекшелігіне тоқталды.

– Бұл – астаналық «PHOTOBAR» фотоклубының 10 жылдығына арналған көрме. Мұнда 16 фотографтың 32 жұмысы ұсынылып отыр. Ең басты ерекшелігі – Қарағандыға алғаш рет жеке бір авторды емес, тұтас бір фотоклубты алып келдік. Бұл – тәжірибе алмасуға, шығармашылық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды оқиға, – деді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – «PHOTOBAR» фотоклубының Қарағандыдағы алғашқы көшпелі экспозициясы. Әрбір автор екі жұмысын ұсынып, фотоөнерге деген өзіндік көзқарасын, өмірді қабылдау ерекшелігін және шығармашылық қолтаңбасын паш еткен.

Астана қаласындағы «PHOTOBAR» фотоклубының жетекшісі Тұрар Қазанғаповтың айтуынша, көрменің басты мақсаты – фотографтарды біріктіріп қана қоймай, өңірлер арасындағы мәдени байланысты күшейту.

– Астанадан Қарағандыға үлкен ықыласпен келдік. Біздің фотоклубта түрлі мамандық иелері мен әртүрлі бағытта жұмыс істейтін фотографтар бар. Бірі деректі фотографиямен айналысса, енді бірі көркем портреттер мен концептуалды жобаларды түсіреді. Сондықтан бұл көрме әртүрлі жанр мен көзқарастың тоғысқан алаңы деуге болады. Біз үшін көрерменнің әр суреттен өзіндік ой түйіп, белгілі бір эмоция сезінгені маңызды. Қарағандының фотоөнерге қызығушылығы жоғары екенін білеміз, сондықтан мұндай шығармашылық байланыс алдағы уақытта да жалғасады деп сенеміз, – деді ол.

Көрмеде соңғы жылдардағы қоғамдық өзгерістерге арналған деректі жобалар да ерекше қызығушылық тудырды. Солардың бірі – фотожурналист Валерий Калиевтің карантин кезеңіне арналған фотосериясы.

– Көрмеге карантин туралы топтамадан екі жұмысымды әкелдім. Локдаун кезеңі барлығымыз үшін ауыр сынақ болды. Адамдардың оқшаулануы, бос көшелер мен өзгерген өмір салты ерекше әсер қалдырды. Сол уақыттың ең айқын көріністерінің бірі – курьерлік жеткізу қызметінің қарқынды дамуы еді. Мен дәл осы өзгерістерді фото арқылы жеткізуге тырыстым, – дейді фотограф.

Шын мәнінде, көрмеге қойылған әрбір фотосурет – белгілі бір уақыттың, оқиғаның және адамның тағдырынан сыр шертетін шағын тарих. Бір кадрда қала тынысы мен күнделікті өмір көрініс тапса, енді бірінде қоғамдағы өзгерістер мен адам эмоциялары бейнеленген.

Елордадан келген бұл шығармашылық «базарлық» қарағандылықтарға фотоөнердің шексіз мүмкіндігін тағы бір мәрте танытып, әр суреттің артында тұтас бір дәуірдің ізі, автордың ойы мен сезімі жатқанын көрсетті.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»