Үздік жас кәсіп иелері

Қарағанды қаласында WorldSkills Karaganda – 2026 өңірлік кәсіби шеберлік чемпионаты өз мәресіне жетіп, түрлі мамандықтар бойынша үздік нәтиже көрсеткен студенттер салтанатты түрде марапатталды. Оқушылар сарайында өткен қорытынды рәсімде жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталып, олардың кәсіби даярлығына жоғары баға берілді.

Дәстүрлі чемпионат биыл да техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттерінің тәжірибелік дағдыларын шыңдап, еңбек нарығына дайын білікті мамандарды анықтауға бағытталды. Сайысқа Қарағанды облысындағы 46 колледжден 368 студент қатысып, 56 түрлі құзырет бойынша өзара бақ сынасты. Байқау барысында қатысушылар теориялық білімдерін ғана емес, нақты өндірістік жағдайда жұмыс істеу қабілеттерін де көрсетті. Нәтижесінде 165 студент жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар кәсіби шеберлігімен ерекшеленген тағы 43 қатысушы арнайы медальондармен марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге 25 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейінгі ақшалай сертификаттар табыс етілді.

Қарағанды облысында WorldSkills чемпионаты 2015 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде ол жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, колледж студенттерінің кәсіби мүмкіндіктерін көрсетуге арналған маңызды ортаға айналды. Жыл сайын чемпионат бағдарламасы кеңейіп, өндіріс пен экономиканың сұранысына сай жаңа бағыттар енгізіліп келеді.

Биыл байқауда алғаш рет төрт жаңа құзырет – «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру», «Су шаруашылығы технологиялары», «Цифрлық құрылыс» және «Цифрлық модельдеу» таныстырылым форматында ұсынылды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бұл бағыттар келесі жылдан бастап чемпионаттың ресми жарыс бағдарламасына енгізіледі.

Қатысушылардың жұмыстарын тәуелсіз сертификатталған сарапшылар мен түрлі кәсіпорындардың жұмыс берушілері бағалады. Бұл өз кезегінде байқау нәтижелерінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ чемпионатты өткізуге әлеуметтік серіктестер де белсенді атсалысты. Атап айтқанда, өрт сөндіру қызметі құтқарушылар арасындағы жарыстарды өткізу үшін арнайы полигонын ұсынса, бірқатар кәсіпорындар қатысушыларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті.

Облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев өткен жылы Қарағанды облысының республикалық жалпыкомандалық есепте үшінші орын иеленгенін атап өтіп, биылғы чемпиондардың да елдік додада жоғары нәтиже көрсететініне сенім білдірді.

Жекелеген құзыреттер бойынша да үздіктер анықталды. «Электромонтаж жұмыстары» бағыты бойынша Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің студенті Мирас Сабитұлы жеңімпаз атанса, «Флористика» құзыретінде Қарағанды жоғары инжиниринг колледжінің студенті Дәмелі Азамат үздік деп танылды. Чемпионат қорытындысында колледждердің жалпы рейтингі де жарияланды. Бірінші орын Теміртау жоғары политехникалық колледжіне бұйырды. Екінші сатыға Қарағанды жоғары инжиниринг колледжі көтерілсе, үздік үштікті Теміртау кәсіптік-техникалық колледжі түйіндеді.

Енді өңірлік кезеңде топ жарған жас мамандар WorldSkills Kazakhstan – 2026 республикалық чемпионатында Қарағанды облысының намысын қорғайды. Олар ұлттық деңгейдегі бәсекеде өз шеберліктерін дәлелдеп қана қоймай, халықаралық талаптарға сай кәсіби даярлықтарын көрсетуге мүмкіндік алады.

Ералы ҒАНИ,

«QH»