Жасанды интеллект егіншіліктің тиімділігін арттырады
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ғалымдары мен жас зерттеушілері ауылшаруашылығына арналған AgroSky интеллектуалды жүйесін әзірледі. Жасанды интеллект технологиясына негізделген жоба егіс алқаптарының жағдайын жедел талдап, топырақ құрамын бағалауға және тыңайтқыш қажет ететін аумақтарды дәл анықтауға мүмкіндік береді. Инновациялық стартап GCIP 2025 халықаралық бағдарламасының іріктеуінен өтіп, үздік 50 жобаның қатарына енді.
AgroSky жобасы университетте жүзеге асырылып жатқан AI-Sana бағдарламасы аясында әзірленген. Жобаны студент Артур Аббазов, университет түлегі Михаил Мұхаметов және маркшейдер ісі мен геодезия кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Дмитрий Ожигин бірлесіп жүзеге асырған.
Жүйенің негізгі артықшылығы – ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жиналған мәліметтерді жасанды интеллект көмегімен өңдеуінде. Бағдарлама топырақтың құрамын, ылғал деңгейін және егістіктің жай-күйін саралап, тыңайтқыш енгізуді қажет ететін нақты учаскелерді анықтайды. Осы деректер негізінде фермерлерге егіс алқаптарын тиімді басқаруға арналған нақты ұсынымдар беріледі.
Жоба авторларының айтуынша, жаңа технология тыңайтқыштарды ғылыми негізде пайдалануға, су ресурстарын үнемдеуге және ауылшаруашылығы шығындарын азайтуға мүмкіндік береді
– Әзірлеменің басты мақсаты – дрондар арқылы алынған мәліметтер негізінде топырақтың жай-күйін дәл бағалайтын алгоритм қалыптастыру. Жүйе қандай минералдар мен қоректік элементтердің жетіспейтінін анықтап, тыңайтқыштарды қажетті аумақтарға ғана енгізуге мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде жерді егіске тиімді дайындап, топырақтың құнарлылығын арттыруға, тыңайтқыш пен су шығынын азайтуға және еңбек өнімділігін көтеруге болады, – дейді жоба әзірлеушілерінің бірі Михаил Мұхаметов.
AgroSky жүйесі Қарағанды облысының Абай ауданындағы егіс алқаптарында сынақтан өткізілді. Жасанды интеллект жүргізген талдаудың дәлдігін тексеру үшін топырақ үлгілері Астанадағы жоғары оқу орындарының бірінің зертханасына жіберілген. Сараптама нәтижелері жүйе жасаған қорытындылармен толық дерлік сәйкес келіп, технологияның 98-99 пайыздық дәлдігін көрсетті.
Жаңа әзірлеме ауылшаруашылығы өндірушілерінің де қызығушылығын тудырып отыр. Әсіресе мыңдаған гектар жерді игеретін ірі шаруашылықтар үшін мұндай жүйенің тиімділігі жоғары. Себебі тыңайтқыштар нақты қажет жерге ғана енгізіліп, артық шығын қысқарады, ал егін өнімділігі артады.
Қазіргі уақытта жоба авторлары AgroSky жүйесін одан әрі жетілдіру жұмыстарын жалғастыруда. Алдағы уақытта тыңайтқыштарды автоматты түрде енгізетін ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдаланып, технологияны өндірістік деңгейде кеңінен қолдануды жоспарлап отыр.
Мамандардың пікірінше, жасанды интеллекті ауылшаруашылығына енгізу – саланы цифрландырудың маңызды кезеңі. Мұндай инновациялық шешімдер жер ресурстарын тиімді пайдалануға, өндіріс шығындарын азайтуға, өнім сапасы мен көлемін арттыруға және отандық агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ықпал етеді.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

