Жас шахматшының жарқын жеңісі

Қарағандылық жас шахматшы Даниял Сәпенов тағы бір халықаралық додада жоғары нәтиже көрсетіп, өңір спортының абыройын асқақтатты. Ақтөбе қаласында өткен беделді Aktobe Open халықаралық турнирінде 17 жастағы спортшы күміс жүлдеге ие болып, халықаралық гроссмейстер нормасын сәтті орындады. Әлемнің әр елінен келген тәжірибелі шахматшылар бас қосқан жарыс Қазақстандағы рейтингтік турнирлердің бірі. Осындай тартысты бәсекеде Даниял тұрақты ойын өрнегін көрсетіп, тоғыз партияның төртеуінде жеңіске жетсе, қалған бесеуінде тең нәтижеге қол жеткізді. Ең бастысы – жарыс барысында бірде-бір рет жеңілістің ащы дәмін татпады.

Жас спортшының қарсыластары да осал болған жоқ. Ол үміткерлер турниріне қатысқан мықты шахматшылармен, халықаралық гроссмейстерлермен және тәжірибелі чемпиондармен кездесіп, жоғары деңгейдегі шеберлігін дәлелдеді. Даниял Еуропа чемпионы Алексей Саранадан, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Денис Махнёвтен және румыниялық гроссмейстер Александр Мотылевтен басым түсті. Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы жас спортшыны кезекті жетістігімен құттықтап, оның өнерін турнирдің ең жарқын оқиғаларының бірі ретінде бағалады.

Халықаралық гроссмейстер нормасын орындау – кәсіби шахматтағы аса маңызды белестердің бірі. Даниял бұл талапты орындап қана қоймай, белгіленген межеден сенімді түрде асып түсті. Қазіргі таңда оның халықаралық рейтингі 2500 ұпайлық көрсеткішке жақындап келеді. Бұл – шахмат әлеміндегі ең жоғары атақтардың біріне бастайтын жетістіктердің бірі.

Даниял Сәпенов шахматпен жеті жасынан бері айналысады. Дарынды спортшы алғашқы жарыстарынан-ақ көзге түсіп, Қазақстан чемпионатындағы жеңістерінің арқасында тәжірибелі гроссмейстерлерден тәлім алу мүмкіндігіне ие болған. Жүйелі дайындық пен табанды еңбектің нәтижесінде ол халықаралық ареналарда да өзін дәлелдеп келеді.

Бұл – оның биылғы алғашқы ірі жетістігі емес. Осы жылдың сәуір айында Сербияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында рапид бағдарламасы бойынша күміс жүлдеге ие болды. Бұған қоса, Даниял өз жас санатында блицтен әлем чемпионы атанып, түрлі халықаралық турнирлерде бірнеше мәрте жүлдегерлер қатарынан көрінді.

Жас шахматшының жеңісі Қарағанды өңірінде интеллектуалды спорттың қарқынды дамып келе жатқанын тағы бір мәрте айғақтайды. Ал Даниялдың табысты өнер көрсетуі оның алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыруға әлеуеті зор екенін көрсетеді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»