Жарықтандыру жабдықтарының қазақстандық нарығы 80% импортпен қамтамасыз етілген

ҚР ИИДМ «Ашық сағат алаңы» диалог алаңында ZOOM арқылы жарықтандыру жабдықтары өндірісінің ағымдағы жай-күйі мәселелері бойынша кеңес өткізілді. Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспановтың басшылығымен өткен жиынға «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ және отандық кәсіпорындардың өкілдері қатысты.


Бүгінде елімізде жарықтандыру жабдықтарын шығаратын 63 кәсіпорын тіркелген. Осы өндіріс ошақтары ағымдағы жылдың 8 айында 800 мыңнан астам жабдық өндірді.
Электротехникалық және ауыр машина жасау басқармасының басшысы Азамат Ахметовтың айтуынша, Қазақстанның жарықтандыру жабдықтары нарығы 2021 жылы 81,6 млн. АҚШ долларын құрады, оның 79,9% — ы импорт есебінен қамтамасыз етілді.
«Алдағы 5 жыл ішінде орташа жылдық қарқынның өсуі күтілуде. Бұл COVID-19 — дан кейін экономиканың қалпына келуіне, елімізде жұмыс істеп тұрған және жаңа өндірістік қуаттарында жарықтандыру жабдықтарын пайдалану арқылы отандық нарықтың кеңеюіне байланысты», — деп атап өтті Азамат Ахметов.
Өз кезегінде Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов кәсіпорын өкілдерін шығарылатын өнім номенклатурасын ұлғайтуға, жаңғырту жұмыстарын жүргізуге және өндіріс көлемін ұлғайтуға шақырды.