Жанкүйерлер қолдауы азаймақ емес

Өткен жексенбіде қарағандылықтар жерлесіміз Геннадий Головкинге қолдау көрсетіп, трилогия түйінделер тұста жанкүйерлік танытты. Иә, бұл жолғы кездесу де қазақстандық спортшы үшін сәтсіз аяқталып, Канело Альварес алынбас қамалдай болғандай еді. Әйтсе де жерлесімізге жанкүйерлер қолдауы бір сәтке болса да азаймақ емес…

Шаршы алаңда жұдырық түйістірген қос спортшының арасындағы жекпе-жекті бүкіл әлем жұрты тамашалады десек, артық айтқандық болмас. Бұл ретте қарағандылық көрермендер әкімдік қолдауының арқасында кіл мықтылар арасындағы кездесуді Жаңа Майқұдық мәдениет үйі (Магнитогорск көшесі, 19) және «Шахтёр» стадионының шығыс трибунасы маңындағы LED-экрандардан тамашалау мүмкіндігін иеленді.

Бұл екі боксшының арасындағы трилогияны көпшілік ұзақ уақыттан бері күткен еді. Екеуі де мықты. Әлемнің «мен» деген талай боксшысын нокаутқа түсіріп, алдына қара салмай келген еді. Бұл жолғы кездесу де тартысты өтті. Әйтсе де Геннадий Головкин айқын басымдық көрсете алмады. Қайта оның қарсыласы Канело Альварестің күші басымдау тәрізді көрінгені бар. Жалпы есепте Геннадий Головкин 112-113 ұпай, Канело 115-116 ұпай жинады.

Кездесу қорытындысында мексикалық спортшыға 45 млн АҚШ доллары, ал Геннадий Головкинге 20 млн АҚШ доллары көлемінде ақы төленді. Әрі жерлесіміз спорттағы мансабын жалғастыруға ниетті екенін жеткізген.

– Мені Канелоның соққысы таң қалдырды деп немесе естен тандырды деп айта алмаймын. Мен оның төрт раунд бойы жасаған соққысын дарытқан жоқпын. Келісемін, өте жылдам спортшы. Менің орта салмақта әлі үш кездесуім бар. Боксқа деген қызығушылығым мен құштарлығым сейілмек емес. Менің жеңісім әлі алда, – деді Геннадий Головкин жекпе-жектен кейінгі сұхбатында.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»