Жаңа оқу жылына дайындық қалай?

Оқу жылының басталуына санаулы күндер ғана қалды. Ата-аналар балаларына оқу құралдары мен мектеп формасын алып, қызу дайындықты бастап кетті. Ал білім ошақтары оқушы қабылдауға дайын ба? Аймақта білім саласында қандай өзгерістер бар? Осы мәселені нақтылау мақсатында Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметовамен сұхбаттасқан едік.

– Гүлсім Шабданқызы, қазіргі таңда елімізде білім саласында көптеген реформа жүргізілуде. Мәселен, жұмысқа тұратын мұғалімдерге педагог мәртебесін алу үшін арнайы тест тапсыру міндеттелді. Бұдан басқа да көптеген өзгеріс орын алуда. Аймақта осы саланы басқарып отырған азамат ретінде білім саласындағы жаңашылдықтардың артықшылығы туралы айтып берсеңіз…

– Иә, 2021 жылдың соңында педагогтерді және білім беру ұйымының басшыларын жұмысқа қабылдау тәртібі туралы бұйрық шығып, біраз өзгеріс енгізілді. Ереже бойынша, педагогтер міндетті түрде ұлттық біліктілік тест тапсыруы керек және конкурс арқылы өтуі керек. Тестіні жұмысқа алғаш кіретіндер және педагогтік қызметтен қол үзіп, қайтадан мұғалімдікке келетін адамдар тапсырады. Біліктілік санаты бар педагогтер тест тапсырмай-ақ конкурсқа қатыса алады. Конкурстың шешімімен ғана жұмысқа тұра алады.

– Ротация мәселесіне қатысты да түрлі алыпқашпа әңгіме жүр. Министрдің бұл туралы айтқанына да көп болды. Бірақ әлі нақты жұмысты көрмей отырмыз. Директорларды ротациялау қашан басталады?

– Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 11 қарашадағы №559 бұйрығымен бекітілген мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларына сәйкес, биылдан бастап білім саласында директорларды ротациялау институты енгізілді.

2022 жылы Қарағанды облысы бойынша 104 білім беру ұйымының басшысын ротациялау жоспарланған болатын.

Қазіргі таңда білім басқармасында құрылған ротациялау жөніндегі комиссияның отырысында 98 білім ұйымының басшысын ротациялау туралы шешім қабылданды. Оның ішінде: 41 мектеп басшысы, 47 мектепке дейінгі мекеме басшысы және 8 қосымша білім беру ұйымының басшысы, 2 арнайы мектеп-интернат басшысы.

Бірінші басшыларды ротациялау бір елді мекен шегінде жүзеге асырылады. Комиссия шешімі бірінші басшының портфолиосын комиссияның қарауын ескере отырып, осы ұйымдағы лауазымына тағайындалған күннен бастап 4 (төрт) жыл бойы қызмет атқарған бірінші басшылар үшін қабылданады.

Комиссияның шешiмi бойынша бiрiншi басшының осы ұйымдағы қызмет мерзiмi үш жылға ұзартылады. Комиссия ротациялау туралы шешім қабылдайды немесе бірінші басшы еңбек шарты бойынша жұмысын жалғастырады. Бұл ретте бірінші басшының бір білім беру ұйымындағы лауазымында болуға рұқсат етілген ең ұзақ мерзімі жеті жылдан аспайды. Жеті және одан да көп жыл қызметте болған бірінші басшылар ротацияланатын болады.

– Күні кеше ғана мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі жарияланды. Биыл Қарағанды облысында қанша бала грантпен оқуға түсті?

– Иә, кеше ғана мыңдаған түлек мемлекеттік грант иегері атанды. Қазіргі таңда нақтылау жұмыстары жүргізілуде, орта есеппен облыс бойынша 2 215 түлек мемлекеттік грант иегері атанды.

– Осы орайда оқу ақысына қатысты да заңды сауал туындайды. Ақылы бөлімге құжат тапсырған талапкерлер үшін мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырыла ма? Талапкерлер жеңілдік алу мәселесі бойынша қайда хабарласып, кімнен көмек сұрай алады?

– Бұл сұраққа келетін болсақ, университеттердің ресми парақшаларында оқу ақысына байланысты ақпарат орналастырылған. Сонымен қатар жоғары оқу орындары Білім басқармасының құзыретіне кірмейді. Жоғары оқу орындарының ішкі талаптарына сәйкес, оқу ақысына жеңілдік беру сұрағы бойынша талапкер таңдаған университетке хабарласа алады және сол сұрақты университет әкімшілігі қарастырады.

– Елімізде дәрігер тапшы. Бұл туралы Үкіметтің биік мінберінде де, қарапайым халық арасында да жиі мәселе көтеріледі. Әйтсе де медицина университеттеріне бөлінетін грант саны аз әрі оқу ақысы басқа университеттермен салыстырғанда айтарлықтай қымбат. Бұрнағы жылы облыс әкімдігі журналистикаға оқуға түскен балалар үшін арнайы грант бөлген еді. Медицина саласын таңдаған балаларға да осындай гранттар беріле ме?

– 2018 жылдан бастап педагогикалық, медицина және басқа да өңірге қажетті мамандықтар бойынша мақсатты даярлауға облыстық бюджеттен білім беру гранттары бөлінеді. Резидентура деңгейі бойынша медицина мамандықтарына биыл 60 грант бөлінді. Атап айтсақ: «Ересектер, балалар жұқпалы аурулары» мамандығы бойынша, «Анестезиология және ересектер, балалар реаниматологиясы», «Педиатрия», «Неонатология», «Акушерлік және ересектер, балалар гинекологиясы», «Терапия» мамандықтары бойынша бөлінді.

– Жаңа оқу жылының басталуына да аз уақыт қалды. Аймақтағы мектептердің дайындығы қандай? Мектеп тапшылығы мен екі-үш ауысымда оқу мәселелері шешімін тапты ма?

– Биыл 175 білім беру нысаны жөнделуде, оның 32-сі күрделі жөндеуден өтуде. Барлық жұмыс 25 тамызға дейін аяқталуы тиіс.

Жөндеу жұмыстары үш бағыт бойынша жүргізіліп жатыр, олар: жалпы сипаттағы трансферттер есебінен, «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында және жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен.

Жаңа оқу жылында Қарағанды қаласында 11а шағынауданында 600 орындық жалпы білім беретін мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ қыркүйек айына қарай Теміртаудағы 12 мектеп ғимаратын қайта жаңғырту аяқталады.

Мектептері жоқ облыстың шалғай елді мекендерінде оқушыларды тасымалдау ұйымдастырылады.

Жаңа оқу жылында өңірде 54 колледж жұмыс істейді, оның ішінде 36-сы мемлекеттік, 18-і жекеменшік. Биыл жергілікті бюджеттен орта буын мамандарын және қолданбалы бакалавриатты, жұмысшы кадрларды, медиктерді даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 3,2%-ға ұлғайды. Сонымен қатар «Білімді ұлт» сапалы білім беру бағдарламасы бойынша мың орын бөлінді.

– Бұрын жөндеу жұмыстарына және басқа да шығындарға байланысты ата-аналар мен мұғалімдерден ақша жинау деректері болатын. Кейін бұған түбегейлі тыйым салынды. Қазір мектептерді қаржыландыру қалай жүргізілуде? Шетелде мектеп жанынан демеушілер есебінен қаржыландырылатын қорлар бары айтылады. Бізде осының аналогі бар ма? Қамқоршылық кеңестер қалай жұмыс істеп жатыр?

– «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 44-бабының 9-тармағының және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 27.07.2007 ж. №355 «Білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңестің жұмысын ұйымдастырудың үлгілік қағидаларын және оны сайлау тәртібін бекіту туралы» (бұдан әрі – бұйрық) білім беру ұйымдарында қамқоршылық кеңестер құрылады.

Қамқоршылық кеңес білім беру ұйымының әкімшілігімен, ата-аналар комитетімен, жергілікті атқарушы органдармен, мүдделі мемлекеттік органдармен және басқа заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасайды.

Қамқоршылық кеңестің құрамына жергілікті өкілді, атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері, жұмыс берушілер мен әлеуметтік серіктестердің өкілдері, коммерциялық емес ұйымдардың өкілдері, меценаттар кіреді.

Заңның 61-бабына және бұйрықтың 26-тармағына сәйкес, білім беру ұйымына қайырымдылық көмек ерікті негізде, тегін көрсетіледі.

– Риясыз әңгімеңіз үшін рақмет.

 Сұхбаттасқан: Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ