Жұмыс іздеген жанға – нақты мүмкіндік
Қарағанды қаласында тұрғындарды жұмыспен қамтуға және еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты тиімді байланыстыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осы бағыттағы маңызды шаралардың бірі – қала тұрғындарына тұрақты жұмыс табуға мүмкіндік беретін бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі. Жақында Қарағандының Орталық саябағында өткен кезекті жәрмеңкеге жұмыс іздеушілер, жастар, 2026 жылғы түлектер және еңбек нарығына енді қадам басқан азаматтар қатысты.
Шараға 30-ға жуық жұмыс беруші қатысып, қала тұрғындарына түрлі сала бойынша 600-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Жәрмеңкенің басты ерекшелігі – жұмыс іздеушілердің кәсіпорын өкілдерімен тікелей кездесіп, бос жұмыс орындары туралы толық ақпарат алуына мүмкіндік берілуі. Қатысушылар жұмыс берушілерден еңбек жағдайы, жалақы мөлшері, қызметтік міндеттер және жұмысқа орналасу талаптары жөнінде кеңес алды.
Бүгінде Қарағанды қаласының еңбек нарығында бірқатар мамандықтарға сұраныс жоғары. Атап айтқанда, педагогтер, медицина қызметкерлері, жүргізушілер, электриктер, сатушылар, менеджерлер, кассирлер және түрлі жұмысшы мамандықтары қажет. Бұл ретте жұмысшы кәсіптеріне деген сұраныстың артуы еңбек нарығында техникалық және кәсіби мамандардың маңызы жоғары екенін көрсетеді.
Мұндай жәрмеңкелер қала тұрғындарын жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік тапсырыс аясындағы шаралардың бірі ретінде еңбекке қабілетті азаматтарды нақты жұмыс орындарымен байланыстыруға мүмкіндік береді. Негізгі мақсат – жұмыс іздеп жүрген азаматтарға қолжетімді жұмыс орындары туралы ақпарат ұсынып қана қоймай, оларды тұрақты жұмыспен қамтуға ықпал ету. Бұл бағытта әсіресе жастарды, оқу орындарының биылғы түлектерін, жұмыс тәжірибесі аз азаматтарды және әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұрғындарды еңбек нарығына тартуға басымдық берілуде.
Жәрмеңкеде жастар мен 2026 жылғы түлектердің жұмыспен қамтылуына ерекше көңіл бөлінді. Мамандық бойынша жұмыс іздеп жүрген жас азаматтар кәсіпорындардың кадр қызметтерімен тікелей байланысып, өз мүмкіндіктерін таныстыруға жағдай алды. Бұл тәжірибе жастардың еңбек нарығына тезірек бейімделуіне және оқуын аяқтағаннан кейін тұрақты жұмыс табуына жол ашады.
Шараға Қарағанды қаласының Қазыбек би және Әлихан Бөкейхан атындағы аудандарының пробация қызметтерінің өкілдері де қатысты. Пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға бос жұмыс орындары ұсынылып, олардың қоғамға бейімделуіне және еңбекке араласуына мүмкіндік жасалды. Тұрақты жұмыстың болуы азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартып қана қоймай, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға да ықпал етеді.
Жұмыс берушілер үшін де мұндай жәрмеңкелердің берері мол. Кәсіпорын өкілдері бос жұмыс орындарына үміткерлерді тікелей қабылдап, қажетті мамандарды қысқа мерзімде іріктеуге мүмкіндік алады. Ал тұрғындар бірнеше жұмыс берушінің ұсынысымен бір жерде танысып, өз білімі мен тәжірибесіне сәйкес келетін қызметті таңдай алады. Осылайша, жұмыс іздеуші мен жұмыс беруші арасындағы байланысты жеңілдету еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың үйлесуіне ықпал етеді.
Қала тұрғындары жұмысты тек жәрмеңкелерден ғана емес, электронды еңбек биржасы арқылы да іздей алады. Қазіргі таңда Enbek.kz электрондық еңбек биржасында Қарағанды қаласы бойынша 2 мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Бұл азаматтарға үйден шықпай-ақ бос жұмыс орындарын қарап, жұмыс берушілерге өтінім беруге мүмкіндік береді.
«Негізгі мақсатымыз – жұмыс іздеп жүрген азаматтарды нақты жұмыс берушілермен байланыстырып, олардың тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасау. Әсіресе жастар мен биылғы түлектерге ерекше көңіл бөлдік. Қазіргі таңда педагогтерге, медицина қызметкерлеріне, жүргізушілерге, электриктерге және жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары. Бүгінгі жәрмеңкеде азаматтарға 600-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды. Жәрмеңкенің артықшылығы – жұмыс іздеуші мен жұмыс беруші бір жерде тікелей кездеседі. Азаматтар өзіне лайықты жұмысты таңдап, бірден жұмыс берушімен сөйлесе алады. Бұл еңбекке орналасу үдерісін айтарлықтай жеңілдетеді», – деді Қарағанды облыстық Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Нұржан Сыздықов.
Қала тұрғындарын жұмыспен қамту – әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан еңбек нарығындағы бос жұмыс орындары туралы ақпаратты тұрғындарға дер кезінде жеткізу, жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тікелей байланыс орнату және азаматтарға жұмысқа орналасуға қажетті қолдау көрсету алдағы уақытта да жалғасын табады. Мұндай шаралар әр азаматқа өз мүмкіндігін жүзеге асырып, тұрақты табысқа қол жеткізуге нақты мүмкіндік береді.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

