Қызмет сапасын тексеру
Қалалық әкімдікте мемлекеттік қызмет көрсету сапасын тексеру, проблемаларын анықтау және оларды шешу жолдары қарастырылды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті жанынан ведомствоаралық жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру мақсатында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті жанынан ведомствоаралық жұмыс тобы құрылғанына біршама уақыт болды. Осы жолғы жоспарлы отырысты топ төреағасының орынбасары Бахтияр Макеев өткізді. Аталған топтың отырысы тоқсанына кемінде бір рет, шұғыл мәселелер орын алған жағдайда қажеттілігіне байланысты өткізіледі.
Өздеріңізге белгілі, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және оның аумақтық департаменттері – мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган. Топтың құрамына мемлекеттік мекемелерден бөлек азаматтық сектор және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері жұмылдырылған. Отырыс барысында мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы осыған дейінгі бұзушылықтардың саны айтылды. Аталған функцияларды жүзеге асырудың құралы ретінде Департаментпен мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуіне ақпараттық жүйе арқылы қашықтықтан бақылау жұмыстары жүргізілуде. Бұл отырыста 2023-2024 жылдары жүргізілген қашықтықтан бақылау жұмыстарының нәтижесін, үшінші тұлғалармен бірінші басшылардың электрондық цифрлық қолтаңбаларын қолдану фактілері қарастырылды.
– Енді мемлекеттік қызмет көрсету сапасына тұрақты бақылау-бағалау жүргізіліп келеді. Жалпы жаман емес. Бүгінгі күні жалпы, көп мемлекеттік қызметтер электронды түрде көрсетіліп жатыр. Сондықтан жылдан жылға сапа жақсарып келеді, – дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары – Бахтияр Макеев.
Бұдан бөлек, Теміртау қаласының ЖАО-мен мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бағытында атқарылып жатқан жұмыстарының есебі тыңдалады.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»