UMAI Ұлттық сыйлығы 4 номинация бойынша өтеді – Н. Дәуешев

Қазақстанда отандық мәдениет пен өнер қайраткерлерінің шығармашылық жетістіктерін таныту, дамыту және насихаттау мақсатында тұңғыш рет ҚР өнер саласындағы UMAI Ұлттық сыйлығы ұйымдастырылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов мәлімдеді.


Оның айтуынша, еліміздің шығармашылық ұжымдары мен жекелеген өнер қайраткерлерінің еңбектеріне, шығармашылығына арналған бұл сыйлық 4 номинация бойынша өтеді: театр өнері, музыкалық орындаушылық өнер, хореографиялық өнер және театрдағы бейнелеу өнері.

«Жалпы жүлде қоры 54 млн теңге. Әр номинация бойынша 2 млн-нан 6 млн-ға дейін. Оның ішінде биыл «Балалар жылы» болғандықтан, сыйлық аясында «Үздік балалар спектаклі» арнайы жүлдесі тағайындалды. Сыйлық 2022 жылы Қазақстанның шығармашылық ұжымдарына және жекелеген өнер қайраткерлеріне екі театрлық, концерттік, шығармашылық маусымдарда 2020 жылдан бастап 2022 жылғы шілде аралығында қойылған жаңа туындылар мен спектакльдерге беріледі. Негізгі мақсат – өнер саласындағы өнерпаздарды қолдау. UMAI Ұлттық сыйлығы болашақта өнер адамдарына үлкен шығармашылық серпіліс береді деп сенеміз», — деді Н. Дәуешев.

Бұдан бөлек, МСМ әр сала бойынша осындай сыйлықтарды қолға алды. Мысалы, «Айбоз» сыйлығы – жазушыларға, драматургтерге беріледі. Сондай-ақ композиторларды қолдау мақсатында «Дала дауысы» жобасы бекітілді. Келесі жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен жастардың мемлекеттік сыйлығы тағайындалады.