Тосынсый
Арбаға қатысты тақырып тағы да жалғасты. Өткен айда қарағандылық тұрғын ерекше күтімді қажет ететін баласының подъезде қалған арбасын жасөспірімдер қиратып тастағанын айтып шағымданған болатын. Арбаларды жөндеу және техникалық қызмет көрсету орталығы ашылып, баласының арбасы үшін күйінген ананы тосынсыймен қуантты.
Қаламыздағы тоғыз қабатты үйлердің бірінде қымбат арнайы арбаны жасөспірімдер ақаулап тастаған. Церебралды сал ауруына шалдыққан 12 жастағы баланың арбасын 1-қабатқа қалдырған анасы мұндай жағдай болады деп ойламаса керек. Олардың өздері 9-қабатта тұрады және оны әр уақытта жоғары тасып жүруге мүмкіндігі жоқ.
– Бұл дұрыс емес, арбаның кімдікі екенін, баланың жағдайын біле тұра бұзақылық істеді. Көршілеріміздің арбамызға отырып қызықтауы бірінші рет емес, біз оны бейнекамерадан көрдік. Прокуратураға, құзырлы органдарға жаздық. Біздің сыртқа шығуымызға бір арба керек. Бала қозғала алмайтын болған соң, үйде де жеке арба қажет, – деп атап өтті қала тұрғыны Гүлизар Ахметова.
Гүлизар полицияға хабарласып, жасөспірімдермен әңгіме өрбіді, бірақ іс одан әріге бармады. Дегенмен «әрбір қиындық соңында жеңілдік бар» демекші, жарияланған жазбаға жауап бергендер де табылды. Аты-жөнін жасырғысы келген демеушілердің бірі арба сыйлады. Жақында Қарағандыда «ДОС» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жанынан ашылған «Инва СТО» мүгедектер арбасын жөндеу және техникалық қызмет көрсету орталығы да хабарласты.
– Мұндай орталық еліміздің әрбір өңіріне қажет деп ойлаймын. Өкінішке қарай, біздің қатарымызда арбаны қажет ететін балалар өте көп. Арбаларды сатып ала алмасақ та, оны жөндете аламыз. Аналар үшін бала арбасы – көлік, осы арбаның арқасында шаруаларымыз шешіледі. Сіздерге алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді Гүлизар Ахметова.
Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»