Тілсіз жаудан қауіп көп

Қарағанды облысында ауа райының ыстық болуына және қатты жел соғуына байланысты жоғары өрт қауіпсіздігі сақталып отыр. Өңірдің ТЖД мәліметінше, 6 қыркүйекте бір тәулік ішінде 17 табиғи өрт тіркелді, оның тоғызы жойылды.

Үш табиғи өрт және бес дала жануы бақылауда.

Шет ауданында, Қызылтау ауылынан 12 шақырым жерде 5 қыркүйекте құрғақ шөп өртенді. От 300 га жерді шарпыды, осы ауданның Нұраталды ауылдық округінде, Шопа ауылынан 25 шақырым жерде 6 қыркүйекте басталған дала өртін жою жалғасуда. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл учаскеде өрт аумағы 1000 га жерді қамтыған.

Бұқар жырау ауданында, Белағаш орманшылығының аумағында, Төрткөл ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 20 км жерде 6 қыркүйек сағат 16:40-та құрғақ шөп пен ағаштар өртенді. Орман өртінің болжамды ауданы 10 га.

Дала жануы 6 қыркүйекте Шет, Қарқаралы және Нұра аудандарында орын алды.

– Барлық ошақтарда ТЖД, жергілікті атқарушы органдардың ерікті өрт сөндіру құрамаларының және орманшылықтардың күштері жұмылдырылды. Табиғи өрттер мен жануды жоюға барлығы 362 адам мен 83 техника жұмылдырылды, – деп хабарлады ТЖД.

Тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Жану анықталған жағдайда, дереу 101 және 112 телефондарына қоңырау шалу қажет.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметі