Тау-кен металлургия саласындағы сілтілеу перспективалары
Қазақстанның тау-кен металлургия саласында ғылыми-зерттеулер мен инновацияларды өндіріске енгізу қарқынды дамып келеді. Соның айқын дәлелі – Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде өткен ғылыми-технологиялық сессия. Шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Қазақмыс» корпорациясы бірлесіп ұйымдастырды.
Сессияда ғалымдар, салалық сарапшылар және өндіріс өкілдері заманауи гидрометаллургиялық технологияларды, атап айтқанда, жерасты және жерүсті сілтілеу әдістерін талқылады. Ғылым мен бизнестің өзара әрекеттестігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп, ғылыми әзірлемелерді өнеркәсіпке енгізудің өзекті мәселелері көтерілді. Министр Саясат Нұрбек бұл шараның ғылым мен өнеркәсіп арасындағы ынтымақтастықтың жаңа форматына айналғанын атап өтті:
– Біз ғылымды қаржыландыру моделін және Қазақстандағы ғылыми-технологиялық саясатты жүзеге асыру тәсілін түбегейлі өзгертудеміз. Ғалымдар мен өндіріс өкілдері тікелей байланысып, нақты өндірістік мәселелерді анықтап, оларды шешуге бағытталған инновациялық шешімдерді әзірлеуде, – деді министр.
Жаңа технологиялар – өнеркәсіптік даму негізі
Хакатон барысында қатысушылар өндірістік үдерістерді жетілдіруге бағытталған шешімдерді ұсынды. Әсіресе, экологиялық қауіпсіз сілтілеу әдістеріне ерекше назар аударылды. Қарағанды техникалық университетінің ғалымдары күкірт қышқылын қолданатын дәстүрлі тәсілдерге балама ретінде микротолқынды шаймалау әдісін ұсынды. Бұл технологияның экологиялық таза болуымен қатар, экономикалық тиімділігі де жоғары.
– Біз күкірт қышқылын қолданатын дәстүрлі әдістерге экологиялық қауіпсіз балама ретінде микротолқынды шаймалау әдісін ұсынамыз. Бұл әдіс қоршаған ортаға зиянды әсерді азайтуға, сондай-ақ жобаның экономикалық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ-дың Химия және химиялық технологиялар кафедрасының меңгерушісі Алтынарай Такибаева.
Алдыңғы хакатонда Қарағанды техникалық университеті мыс кендерінен алтын өндіру жобасымен табысқа жеткен.
Satbayev University командасы зертханалық жағдайда да, қолданыстағы полигонда да сыналған руданың әрбір түрін сілтілеу бойынша сегіз жоба ұсынды.
Сонымен қатар, хакатон аясында Ә.Сағынов атындағы ҚарТУ ғалымдарының өндірісте сәтті енгізілген жобаларының көрмесі ұйымдастырылды. Бұл жобалар Қазақстанның тау-кен металлургия кешенінде жаңа технологияларды коммерцияландыруға жол ашып, өнеркәсіптік компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ғылым мен өндірістің стратегиялық әріптестігі
Хакатонның екіншісі күні ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Қазақмыс» корпорациясы стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес, тараптар бірлескен қолданбалы зерттеулер жүргізіп, ғылыми-технологиялық сессияларды жүйелі түрде өткізуді жоспарлап отыр. Бұл ынтымақтастық ғылыми-индустриялық кооперацияны күшейтіп, Қазақстандағы қолданбалы ғылымды дамытуға және инновациялық шешімдерді жеделдетуге бағытталған маңызды қадам.
«Бүгінгі шара – ғылым мен бизнестің тығыз ынтымақтастығының нәтижесі. Бұл формат өзінің тиімділігін дәлелдеді, ал еліміздің жетекші корпорациялары ғылымның прогрестің қозғаушы күші екенін түсінді. Біздің мақсатымыз – өнеркәсіптік компанияларға жаңа технологиялық деңгейге көтерілуге көмектесу», – деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Ғылыми-технологиялық сессия қорытындысы бойынша бірінші орынды Жану проблемалары институты, Satbayev University және ирандық ғалымдар тобының бірлескен «Мыс кені флотациясының қалдықтарынан бағалы компоненттерді сілтілеу» жобасы иеленді.
Екінші орынға Қарағанды индустриалдық университетінің «Қазақмыс корпорациясының өзекті мәселелерін шешу» жобасы лайық деп танылды.
Ал үздік үштікті Ә. Сағынов атындағы ҚарТУ ғалымдары әзірлеген «Рений алу мақсатында байыту қалдықтарын қайта өңдеу» жобасы қорытындылады.
Қарағандыдағы хакатон – ғылым мен өндірістің үйлесімді жұмысының айқын көрінісі. Мұндай шаралар Қазақстанның тау-кен металлургия саласын жаңа деңгейге көтеруге, экономикалық өсімді жеделдетуге және экологиялық тұрақтылықты сақтауға ықпал ететінін көрсетті.
Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ
«QH»