«Тәуелсіздік белгісінің» тұсаукесері өтті

Қарағандыда «Тәуелсіздік белгісінің» тұсаукесері өтті. Төсбелгі» Qazaq club» бастамасымен жасалды. Белгіні әзірлеуде 2020 жылы шыққан «Тәуелсіздік лентасы» негізге алынды.

Белгінің ортасында Қазақстан Республикасының картасы орналасқан және Қазақ тарихының 8 маңызды тарихи датасы бар. Олардың жанында қазақ тарихының көрнекті тұлғалары, мемлекет және қоғам қайраткерлері бейнеленген. Олардың қатарында ғұндар мемлекетінің негізін қалаушы Мөде қаған, Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек, үш жүзді біріктірген хандардың ханы Абылай, соңғы қазақ ханы, батыр Кенесары Қасымұлы, «Алаш» қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейхан бар. Сондай-ақ белгіде Түркі қағанатының символы – «Бөрілі байрақ» және Есік қорғанынан табылған Алтын адам бар.

– «Тәуелсіздік белгісі» 2500 жылға созылған қазақ тарихының барлық негізгі тарихи кезеңдерін қамтиды. Онда 8 тарихи дата мен 6 тарихи тұлға бейнеленген. «Тәуелсіздік белгісі» жоспарланған бес жобаның үшіншісі. Бұған дейін «Тәуелсіздік лентасы» және Қазақстанның әскери тарихына арналған «Жауынгерлік Даңқ лентасы» жарық көрді, – деді «Тәуелсіздік белгісінің» авторы Нұржан Сұршаұлы.

Белгінің жоғары жағында Қазақстан Тәуелсіздік алған тарихи дата – 1991 жыл көрініс тапқан. Көтерілген күн мен ашық кітап жаңа дәуірдің басталғанын және ел болашағының ғылымның дамуында жатқанын білдіреді. Ал ұлттық ою-өрнек мәдениет пен тарихты сақтауға үндейді.

Белгі қазақ халқының тарихы мен дәстүрлерін жастар арасында насихаттауға бағытталған. Сондай-ақ, «Тәуелсіздік белгісін» тағу – әрбір азамат үшін үлкен жауапкершілік. Белгінің иегері көрнекті қазақ қайраткерлерінің істерін жалғастыруға, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға, жастар арасында қазақ халқының рухани құндылықтарын дәріптеуге жәрдемдесуге ұмтылуға тиіс, деп атап өтті «Тәуелсіздік белгісінің» авторы.

– Тәуелсіздік белгісі мен лентасын жас ұрпақ арасында насихаттау үшін келесі жылы «Тәуелсіздік белгісінде» бейнеленген тұлғалардың ел алдындағы еңбегін баяндайтын тарихи спектакльді ұсынуды жоспарлап отырмыз, – дейді Нұржан Сұршаұлы.

 

Өз тілшімізден.