Тәртіп сақшысы

Шаймердинова Айдана 1993 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. №29 орта мектепті 2008 жылы тәмамдаған. 2008 жылдан 2010 жылға дейін Қарағанды гуманитарлық колледжінің «Заңтану» мамандығында білім алған. 2010 жылдан 2015 жылға дейін «Фемида» заң академиясының «Заңгер» мамандығында білім алады. Қарулы Күштер қатарында 2019 жылдың қараша айынан бастап күзет нысанының бақылаушысы, қоғамдық қауіпсіздік бөлімінде қызмет атқарады.

Ерлер атқаратын қызметпен бірдей ауыр жүк арқалаған ару күнделікті жұмысты өзі қабылдап алып, бақылау-өткізу пунктіне, патрульға, рейдке шығады. Жаттығу алаңдарына жиі баратын кейіпкеріміз 14 жасынан бастап спортпен белсенді түрде айналысады. Қоян-қолтық ұрыс және кикбоксингіден Қарағанды облысының, сондай-ақ қоян-қолтық жекпе-жектен Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсеткен. Бала кезінен әскери форма киюді армандайтын Айдана соғыс туралы фильмдерді ұнататынын жасырмайды. Жоғары білімге қол жеткізген соң бірден ҚР Қарулы Күштерінде қызмет етпек боп ойлана бастаған, осылайша досының армиядағы қызметі жайлы жиі естіген кейіпкеріміз Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарын толықтырады. Әскери қызмет өзіндік ерекшеліктерімен қызықты, күн сайын жаңа, қызықты дүниелерді үйренген кейіпкеріміз далалық жерде мылтық ату ұнайтынын жасырмайды.

– 2019-2023 жылдар аралығында Қарағанды гарнизонының Әскери полиция басқармасында қызмет еттім, гауптвахта инспекторы маманы, 2023 жылдың 16 маусымынан бастап Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміне кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспектор қызметіне ауыстырылдым. Бала кезімнен спортпен белсенді түрде айналыстым, қоян-қолтық ұрыс, кикбоксинг үйірмелеріне бардым, жекпе-жек залдарында жаттығамын. Республикалық және халықаралық турнирлерде жүлделі орындар иелендім. Қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан құрамасының сапында болдым және қоян-қолтық ұрыстан ҚР спорт шеберімін, – дейді Айдана Шаймердинова.

Қазір Айдана Шаймердинова Оңтүстік-Шығыс аудандық полиция бөлімінде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор болып жұмыс атқарады. Полиция – аса күрделі де жауапты және адам бойындағы өжеттілік қасиетін талап ететін мамандық. Полиция қызметі – өзің үшін емес, ел мен қоғамның, адам өмірі мен қауіпсіздігінің мызғымастығына жауапты қызмет. Сол үшін де осы саланың жауапкершілігін арқалаған жандарды «қоғам тыныштығын күзетуші», «тәртіп сақшылары» деп жатамыз. Бүгінде аса күрделі мамандықты абыроймен арқалап жүрген ерлермен қоса әйел адамдар да осы қызметті мүлтіксіз атқарып келеді. Ерлерге жүктелген жауапкершілікті олар да арқалайды, қызығына да, қиындығына да төтеп береді.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,«QH»