«Ұстаздық еткен жалықпас…»

Ұстаз – ұлы тұлға. Ол – тіршілігіміздегі барлық жақсылық атаулының бастауы, қайнар көзі. Мектеп табалдырығын аттағаннан-ақ баланың бойына ынта мен ықыласты, тапқырлық пен талантты сіңіретін де осы ардақты да аяулы ұстаздар екенін атап өту маңызды. Осы орайда әрбір оқушысына аса бір махаббатпен, сүйіспеншілікпен қарай білген №85 ЖББМ-ның ардақты ұстазы Алтынай Жомартқызымен сұхбаттасып, ұстаздық өміріндегі тәжірибесі туралы ақпарат алдық.

– Әңгіменің әлқиссасын мамандығыңыздан бастасақ. Ұстаздық қызметті таңдауыңызға кім ықпал етті?

– Ұстаздық мамандығын таңдауыма менің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімім Бәтіш Мұқатайқызы Тауықбаева себепші болды деп ойлаймын. Қазақ әдебиеті сабағының хас шебері, оқушыға өзін сабақта емес, сахнада жүргендей сезіндіре алатын нағыз педагог. Оқушы кезімде сол кісіге еліктеп, Абай атамыз айтпақшы, «болмасақ та ұқсап бағуға» тырыстық. Кейін мектеп бітірген соң саналы түрде осы саланы таңдап, өзім де шәкірт тәрбиелеп келемін.

– Қалай ойлайсыз, балаға бірінші кезекте білім берілуі керек пе, әлде тәрбие ме?

– Бала тәбиесі мен білімін бөліп-жарып қарауға болмайды деп ойлаймын. Алайда адамға ең әуелі білім емес, тәрбие берілуі керек. Әл-Фарабидің «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген атақты қағидасына сүйене отырып, ең маңыздысы тәрбие деген тоқтамға келемін. Мектеп – білім берумен шектелетін мекеме емес. Біз шәкірттерімізді ең алдымен АДАМ болуға шақырамыз.

– Оқушының бойынан қандай қасиеттерді көргіңіз келеді?

– Оқушының бойынан, ең бастысы, шынайылық, білуге деген, білімге деген құштарлық, мейірімділік сияқты айрықша қасиеттерді көргім келеді.

– Сіздің ұстаздық тәжірибеңіздегі алдыңғы және кейінгі шәкірттер арасында айырмашылық бар ма?

– Ұстаз үшін әр оқушының орны ерекше. Әр оқушы мұғалімнің жүрегінде өзіндік із қалдырады десем, артық айтқаным болмас. Ең алғашқы оқушыларым мен қазіргі оқушыларды салыстырса, айырмашылық бар. Қазіргі балалар жылдам ойлайды, шешімді жылдам қабылдайды, сонымен қатар шыдамсыздау сияқты. Ол да заман талабы болар.

– Жалпы болашақ ұрпаққа қандай кеңес бересіз?

– Мейірім мен бауырмалдық бар жерде береке, бірлік болады. Алға қойған ұлы мақсаттарға қол жеткізу жолында адамгершілік қасиетінің тұғырын биік ұстауға кеңес беремін.

– Ашық әрі шынайы жауап бергеніңіз үшін рақмет! Алдағы уақытта да өнерлі де өнегелі шәкірт тәрбиелеп, шығармашылық табысқа кенеле беріңіз!

Ақбота ШАРИБЕКОВА,

ҚарУ 1-курс студенті