Шекара күзеткен батыр
Шекара қызметінде «елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп» батылдық пен табандылық танытқан батырлар әр заманда да болған. 1994 жылдың қыркүйегінде тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан кіші сержант Раджан Батырханов сол батырларымыздың көшін бастап тұр. Раджан осыдан 30 жыл бұрын қыркүйекте жауынгер достарымен тәжік-ауған шекарасын қорғау кезінде ерлікпен қаза тапты. Тау тұлғалы батыр ұлдарын еске алу мақсатында Қарағанды қаласының Достық үйінде тәжік-ауған ұрыс қимылдарының ардагерлері, әкімшілік қызметкерлері, «Астана» өңірлік қолбасшылығының өкілдері, Облыстық қорғаныс департаментінің өкілдері шақыртылды.
Раджан Батырханов туралы бірнеше кітап жазылып, «Қазбат» атты фильм де түсірілген. Тәжікстанның Ауған елімен шектескен Памир тауының Пшихавр шатқалында болған қарулы қақтығыс қазақстандық сарбаздардың соңғы демі қалғанша өз міндеттеріне адал болғанын көрсетеді. 1994 жылы «Шыңдығатай» деп аталған сол кездегі шекара заставасында Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жерінен өз еркімен тәжік-ауған шекарасына аттанған Раджан көрсеткен ерлік пен жанқиярлық үлгісі үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Шекараны қорғау кезінде батальон елуге тарта жауынгерінен айырылған.
Ең алғашқы шайқас, 1994 жылдың 28 қыркүйегінде 200 қарулы моджахед Хары ауданының аумағына шекараны бұзып кірмек болған кезде, басталған еді. Олардың жолына қазақстандық және ресейлік 38 шекарашы қарсы тұрды. Кіші сержант Раджан Батырханов пулеметімен моджахедтерге оқ жаудыру арқылы өз бөлімшесіне жаудың тыл жағынан соғуға мүмкіндік жасайды. Алайда шекарашыларға көмек тым кеш жетеді де, ауыр жараланған Раджан лазаретке апара жатқан жолда қайтыс болады.
Раджан Батырхановтың осыдан отыз жыл бұрын жасаған ерлігін ұлықтауға арналған мұндай құрметті шара еліміздің бірнеше қаласында өткізіліп жатқанын айтады шараны ұйымдастырушы Ардагерлер одағының Тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарға және әскери қақтығыстарға қатысқандардың республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері.
– Раджандай батыр бар, батырдың аты ешқашан өшпейді. Күші тең болмаса да, қазақтың қалың жаумен қақтығысқан батыр ұлдары баршылық. Солардың айқын дәлелі – Раджан. Осыдан 30 жыл бұрын батырымыз патриотизмдік рухтың нағыз үлгісін көрсетті, бүгін біз әр заманның өз батыры барын еске ала отырып осындай шара өткіздік. Шараға қатысып қолдау танытқан Қарағанды қаласының әкімшілігіне, «Астана» өңірлік қолбасшылығына, Қарағанды облыстық қорғаныс департаментінің басшылығына алғыс білдіремін, – деп атап өтті ҚР ҚБ төрағасының орынбасары, ұрыс қимылдарының ардагері Нұрболат Аяған.
ЖҰПАР АМАНБАЙҚЫЗЫ, «QH»