Сенат депутаты сайланды

14 қаңтарда облыс орталығындағы Кеншілер мәдениет сарайында Сенат депутатын сайлау науқаны өтті. Дауыс беруге аймақтағы барлық деңгейдегі мәслихаттың сайлаушы-депутаттары қатысып, халық атынан таңдау жасады.

Қарағанды облысынан Сенат депутаттығына 7 кандидат ұсынылған болатын. Алайда оның тек үшеуі ғана қажетті құжаттарын дұрыс тапсырған. Сенат депутатына түсуге мүмкіндік алған үш кандидаттың да жоғары білімі, мемлекеттік қызметте көпжылдық тәжірибесі бар. Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы Серік Өтешовтің кандидатурасын Нұра және Осакаровка аудандарының мәслихаттары ұсыныпты. Ал өзін-өзі ұсынғандар – Қарағанды облысы бойынша жеке және сот орындаушылары өңірлік палатасының басшысы Мұрат Әбілов пен «Кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Татьяна Шатохина.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нұркеновтің айтуынша, шалғай аудандардың депутаттары қаламызға күні бұрын жеткен. Аталған сайлауға дауыс беруші халық қалаулыларына барлық жағдай жасалған екен. Саяси шарада барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары барынша серпін танытты.

Айта кету керек, Сенат сайлауының басты ерекшелігі – оған облыстың барлық тұрғыны дауыс бермейді. Тек мәслихат депутаттары ғана дауыс береді. Бүгінде өңірімізде 1 облыстық және қалалық және аудандық деңгейдегі 13 мәслихат бар. Дауыс беруге аймақтағы барлық деңгейдегі мәслихаттағы 204 депутаттың 191-і қатысты. Ал қалған 13 депутат белгілі себептерге байланысты саяси науқанға қатыса алмады. Дауыс беру нәтижесі қысқа күнді кешеуілдетпей, тек санаулы сағатқа ғана созылды. Көп күтпей сайлау учаскесінде Сенат депутаттарын сайлаудың алдын ала қорытындысын Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нұркенов хабарлады.

– Алдын ала есеп бойынша, Мұрат Әбілов 15 дауыс, ал Татьяна Шатохина 24 дауыс жинады. Халық қалаулыларының таңдауы арқылы басым дауысқа Серік Өтешов ие болды. Оған 191 депутаттың 147-сі, яғни 78,2%-ы сенім білдірген. Қалған 18 депутаттың 2-еуі «барлығына қарсымын» деп таңдау жасаса, 16 бюллетень жойылған, – деді Қайрат Нұркенов.

Сенатты қалыптастыру тәртібі Қазақстан Республикасының Конституциясында айқындалған. Парламенттің жоғарғы палатасында әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және ҚР астанасынан екі адам ұсынылған. Сенат депутаттары жанама сайлау құқығы негізінде, яғни мәслихат депутаттарының жасырын дауыс беруі арқылы сайланды. Сенат депутаттарының өкілетті мерзімі 6 жыл. Бұл ретте жартысы 3 жыл сайын қайта сайланады.

Еркебұлан САНАҚҰЛЫ,

«QH»