Сарыарқаның саңлақ суретшісі

Сарыарқаның саңлақ суретшісі Әбілқасов Мыңғыштың шығармашылығына тоқталуды жөн көрдім. Ол әрқашан елі үшін еңбек етті.

Автор

Сынаптай сырғыған қайран уақыт… Кеше ғана ортамызда жайдары мінезі, салмақты болмысымен дараланған ардақты әке, сүйікті жар, ақылшы ұстаз, дарынды суретші Мыңғыш Мәуленұлының дүниеден өткеніне де он жылдың жүзі болыпты. Егер майталман суретші тірі болса, 2023 жылдың ақпан айында 80 жасқа толар еді-ау. Бірақ «Жазмыштан озмыш жоқ» демекші, Алланың жазуынан ешкім аса алмайды.

Мыңғыш Мәуленұлы – тек талантты суретші ғана емес, қамқор басшы, ардақты әке, ақылшы ұстаз. 1994 жылдан 2009 жылға дейінгі аралықта 16 жыл Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің директоры қызметін атқарып, әріптестерінің алдында беделді әрі ақылшы, адал да шыншыл басшы болды. Ол өмірінің соңына дейін қылқаламын бір сәтке де қолынан тастаған емес, Сарыарқаның саңлақ суретшісі соңғы демі таусылғанша жас суретшілерге жол көрсетті, ақылшы да дана ұстаз бола білді, кез келген уақытта олардан ақыл-кеңесін аяған емес. Табиғатында көп сөзді жаны сүймейтін Мәкең аз сөзбен көп мағына бере отырып әр затты байыппен түсіндіруге тырысатын еді.

Мәкең дүниемен қош айтысқан күн 2013 жылдың 27 тамызы болатын. Үнемі музейге қамқорлық танытып жүретін ақкөңіл жан бұл жолы да қолынан келгенше көмек көрсетпек болып… Сол жылы біздің музейде Қазақстанның халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың 100 жылдығына арналған республикалық шара өткізуге қызу дайындық жүріп жатқан кез болатын. Осы шара барысында суретшінің мерейтой көрмесі ұйымдастырылды, сол көрмеге өз үлесін қосу мақсатымен Мыңғыш Мәуленұлы қарағандылық бірнеше суретшіні – Мұрат Қалқабаев, Петр Кишкис, Виктор Арент, Олег Дроздов сияқты суретшілерді – жинап алып, суретшінің (Ә.Ысмайыловтың) кіндік қаны тамған жері Шерубай-Нұра бойында пленэр ұйымдастырған болатын. Сол күні алдында мольберт, қолында қылқаламы бар, саусақтары бояу-бояу дарынның жүрек талмасы ұстап… Қарағандыдағы ауруханаға жеткізілген шіркін ағамыз тілге келместен дүниеден өтіп кетті. Суретшілердің сол пленэрде салған жұмыстары Ә.Ысмайылов көрмесінде көрермен назарына ұсынылды, көрме аяқталған соң музей қорына сыйға тартылды. Ол жұмыстар бүгінгі күнде музей қорында сақтаулы.

Арқа елінен шыққан дарынды суретші Мыңғыш Мәуленұлы Әбілқасов 1943 жылы 26 ақпанда Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. 17 жасында Алматы көркемсурет училищесіне түсіп, оны тәмамдаған соң көмірлі қаламызға қайта оралып еңбек жолын бастады.

Н.В.Гоголь атындағы көркемсурет училищесінде оқып жүрген кезінде суретші бүкіл әлемге танымал белгілі кескіндемеші суретшілерден дәріс алып, басқан қадамы сәтті болды. Бірінші курста қазақ халқының тұңғыш суретші қызы Айша Ғарифқызы Ғалымбаевадан, одан әрі Әубәкір Ысмайылов, Молдахмет Кенбаев, Алексей Ильич Бортников сынды Одақ пен республика көлеміне танымал суретшілерден тәлім-тәрбие алды.

Ал, ең бастысы, Мыңғыш Мәуленұлының курстастары да осал жан емес еді. Әбдірашит Сыдыханов, Тоқболат Тоғысбаев сынды республикаға еңбегі сіңген өнер қайраткерлері, танымал суретшілер.

Әбілқасов Мыңғыш Мәуленұлы 1970 жылы Суретшілер одағына мүше болып қабылданады, одан соң ерен еңбегі үшін 1990 жылы «Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағын алды. Көптеген аймақтық, республикалық, облыстық, халықаралық көрмеге қатысқан қылқалам шебері. Ол – тек Қазақстанға ғана емес, алыс-жақын шетелге танымал суретші.

Шебердің шығармашылығына келер болсақ, суретші еңбектері көрген жанның жүрек қылын шертіп, ерекше сезімге бөлейді. Композициялық құрылымның бірқалыпты ырғағы, көз тартатын кеңістік тереңдігі өмірдің жалғасын, мәңгілік тіршілігін байқатады. Біздің музей қорындағы «Сарыарқа» (2003) деп аталатын кенепте майлы бояумен жазылған жұмысы жайында айтар болсақ. Бұл жұмыста тамаша табиғат көрінісі, яғни Сарыарқа сахарасы, кең даласы, тау бөктерлері бейнеленген. Табиғат құбылыстарын бейнелеуде суретші табиғаттың таңғажайып сұлулығын ерекше бейнелейді. Аспан кеңістігінде, айналаның түлеуі мен құлпыруын бейнелеуде ыстық ықылас ниетін айқын аңғарамыз.

Табиғат мәңгілік, адам мен табиғат біртұтас. Ол тіпті табиғаттың дағдылы таңғажайып сұлулығын ерекше сергек қабылдап, көрерменіне тамаша жеткізе алады.

Мыңғыш Мәуленұлы адамзат тарихынан, қоғам өмірінен бейхабар болып өз күйін ғана күйттеген адам емес еді. Оның азаматтық сезімі басым болатын. Оны қоғамда, айналадағы өмірде болып жатқан жайлар бейжай қалдырмайтын. Мұны біз 30 жылдардағы саяси зұлматтың құрбандарына арналған «Ашаршылық», «Қайғы», «Үміт» атты (триптих) жұмысынан және Арент Виктормен бірігіп жасаған «Ашаршылық» деп аталатын мүсіндік туындысынан көре аламыз. Ал «Қарсылық» деп аталатын туындысын қазіргі замандағы табиғатты сақтау, қорғау дегендегі салғырттығымызға қатаң ескерту деп білуге болады. Ол еңбек етуден еш жалықпаған сондай еңбекқор адам болатын.

Мыңғыш Әбілқасов Қазақстан бейнелеу өнері тарихында Қарағанды өңірінің жыршысы, түс сұлулығының хас шебері болып қала бермек. Соңғы жылдары суретші жалпыадамзаттық идеяларға терең үңіле бастады. Бұл да – кескіндеме шеберінің суреткерліктің биік шыңына көтерілгендігінің белгісі. Хас шебердің шығармалары көрерменді қуантарлықтай сұлу түсті, терең мазмұнды. Дарынды талант иесінің өмірі – қай жағынан алсақ та кез келген азаматқа ғибратты, өнегелі ғұмыр.

Суретшінің көптеген туындысы Қазақстанның бірсыпыра қаласының (Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент және т.б.) музейлерінде, ТМД елдерінде және алыс шетелдерде жеке жинақтаушылардың қорларында сақталған. Біздің музей қорында суретшінің 18 жұмысы сақтаулы.

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, – деп Абай атамыз айтқандай, Мыңғыш Мәуленұлы артына өшпес мұра қалдырып кетті, сондықтан суретшінің өзі бүгінде бақилық болғанымен, оны өнерсүйер қауым ешқашан ұмытпақ емес. Жарқын жүзіңізді ешқашан жадымыздан шығармаймыз. Біз әрдайым Мыңғыш Мәуленұлының шығармаларын көрмелерде көрсетіп, ол кісінің ақтаңгер суретші болғанын мақтанышпен айтып отырамыз. М.Әбілқасовтың өмірі мен өнері – қай жағынан болсын көпке үлгі. Қарағанды өңірінің жыршысы, Қазақстанның қылқалам шебері атанған суретшінің қолынан шыққан өнер туындылары қай уақытта да Қазақстан музейлерінің төрінен орын алып, ұрпақтан-ұрпаққа қызмет ете берері сөзсіз.

Марқұм дүниеден өтерден бір жыл бұрын кіндік қаны тамған жері – қасиетті Жаңаарқаға барып, өзі туған, балғын балалық шағы өткен, әкесі мен шешесінің иісі сіңген қара шаңырақ үйді тауып, кейінгі үй иелерімен әңгімелесіп, сондай марқайып: «Қазіргі үйдің иелері мені құшақ жая қарсы алды», – деп риза болып келген еді.

Суретшімен болған сұхбаттан үзінді келтіре кетуді жөн санадым. Қанша жыл өтсе де бәрі де кешегідей көз алдымда, құлағымда сайрап тұр.

«…Иығымнан бір ауыр жүк түскендей болып отырмын, әке-шешем тұрған үйді таптым ғой, тіпті сол баяғы балдәурен балалық шаққа саяхат жасап қайтқандай болып отырмын, – деп… – Бұл менің көптен көңілімде жүрген ой еді», – деп бір күрсініп қойып… түсіріп алған фотосуреттерін мұңая көрсете отырып әңгімесін жалғастырғаны дәл қазіргідей есімде.

Осы сәтті сапарының куәсі ретінде «Жаңаарқаны еске алу» (кенеп, майлы бояу, 2012) туындысы жарық көрген болатын. Бұл шығармада ол туып-өскен, кіндік қаны тамған жерін, ата-анасы тұрған кішкене ғана шағын үйді тебіреніспен, үлкен сағынышпен еске ала бейнелеген. Осы шығармаға қарап отырып «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деген мақалдың мағынасын терең ұғынғандай боласың.

Иә, Мыңғыш аға тек суретші ғана емес, ақылшы, сондай сабырлы да салмақты жан болатын. Қандай да бір мәселе туындап қалса, ылғи да сабырға шақырып: «Асығыс шешім қабылдама, ақылмен шешсең, шешімін таппайтын іс болмайды», – деп ақылын айтып отырушы еді. Өмірінде айқайлап, дауыс көтеріп сөйлегенді жаны жақтырмайтын, өзі де асықпай мәнерлеп, жай ғана байыппен сөйлейтін жан еді. Әрине, өзіңізбен болған әрбір сұхбат, сабырға шақырған әрбір ғибратты ойыңыз, айтқан әңгімеңізді сағынышпен еске аламыз.

Биік еді азаматтық тұғырың,

Бөлек еді-ау кісілік келбет, ұғымың.

Арманың да асқақ еді, көп еді,

Әттең дүние, қысқа болды-ау ғұмырың.

Алла иман нұрын төгіп, жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын! Сіздің жарқын жүзіңізді біз ешқашан естен шығармаймыз. Артта қалған ұрпағы – балалары мен немерелеріне Алла ұзақ ғұмыр берсін.

Мейрамгүл Елубаева,

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейі

Ғылыми-әдістеме бөлімінің басшысы