Отан қорғау – жүректің таңдауы

Мен, Рысқұлбек Гүлдана Азаматқызы, 2004 жылы 19 наурызда Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданы, Түгіскен ауылында дүниеге келдім. Қарапайым ауылдан шыққан қазақ қызы ретінде мен үшін Отанға қызмет ету – тек міндет қана емес, жүрек қалауым.

2011 жылы Ж.Сәдуақасов атындағы жалпы білім беретін орта мектептің табалдырығын аттап, білімге деген алғашқы қадамымды бастадым. Кейін 2019 жылы «Фемида» заң колледжіне оқуға түсіп, өз болашағыма бағыт-бағдар айқындадым. Бүгінгі таңда 85510 әскери бөлімінде, қосалқы командалық пункттің байланыс ротасында аға маман – аға радиотелеграфшы қызметін атқарып келемін. Әскери қызметті өз еркіммен таңдадым. Себебі мен үшін Отанға адал қызмет ету – үлкен абырой. Бұл орта мені тәртіпке баулып қана қоймай, жауапкершілік пен төзімділікті, батылдық пен сенімділікті бойыма сіңірді. Әскер – нағыз мінезді шыңдайтын, адамды рухани және физикалық тұрғыдан дамытатын ерекше мектеп екеніне көзім жетті. Байланыс саласындағы қызмет – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әрбір берілген тапсырма дәлдік пен ұқыптылықты қажет етеді. Себебі кез келген ақпараттың уақытылы әрі нақты жеткізілуі – ортақ істің нәтижесіне тікелей әсер етеді. Осындай маңызды міндетті атқара отырып, мен өзімді ел қауіпсіздігіне үлес қосып жүргенімді мақтан тұтамын. Әскери өмір тек қызметпен ғана шектелмейді. Бос уақытымда би билеп, серуендеп, жақындарыммен уақыт өткізуге тырысамын. Сонымен қатар танымдық және мотивациялық дүниелерді қарап, өзімді жан-жақты дамытуға көңіл бөлемін. Әр күннен жаңа шабыт алып, алға ұмтылу – менің өмірлік ұстанымым. Құрметті арулар мен жастар! Отанды қорғау – тек ер азаматтардың ғана емес, әрбір саналы азаматтың қасиетті борышы. Бүгінгі таңда қыз-келіншектер де әскери салада абыроймен қызмет етіп, елге үлгі болуда. Біз – тәуелсіз елдің тірегі, жарқын болашағының кепіліміз. Отанға деген сүйіспеншілік – сөзбен емес, іспен дәлелденеді. Сондықтан елге қызмет етуден қашпай, әрқайсымыз өз орнымызда адал еңбек етейік. «Отан үшін қызмет ету – мәртебе, ал оны қорғау – қасиетті парыз!»