Тәртіп сақшылармен бір күн
Қарағанды қаласында жастарға арналған «Ашық есік күні» акциясы өтіп, оқушылар мен студенттер құқық қорғау органдарының жұмысымен танысты. Шара Қазыбек би атындағы аудан прокуратурасының бастамасымен қалалық полиция басқармасында ұйымдастырылды.
Акция барысында қатысушылар полиция қызметінің құрылымы мен күнделікті жұмыс барысын өз көздерімен көрді. Шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу.
– Кәмелетке толмағандар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында аудан прокуратурасы полиция органдарында ашық есік күнін өткізді. Басты міндет – жасөспірімдерге заң бұзудың салдарын нақты түсіндіру. Осыған орай экскурсия ұйымдастырылып, оқушылар мен студенттер полиция бөлімшелерін, уақытша ұстау изоляторын және қабылдау-тарату орнын аралап көрді, – деді Қазыбек би атындағы аудан прокуратурасының бөлім прокуроры Гүлсара Керімжанова.
Экскурсия кезінде қатысушыларға полиция қызметкерлерінің күнделікті міндеттері, әр бөлімшенің атқаратын жұмысы және құқық бұзушылықтардың алдын алу тәсілдері түсіндірілді. Шара ашық диалог форматында өтіп, жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар алды. Сонымен қатар қала тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылып, олар құқықтық мәселелер бойынша кеңес алып, ұсыныстарын білдірді.
Осындай шара Саран қаласында да жалғасын тауып, «Ашық полиция» акциясымен бірге мектеп оқушыларына арналған зияткерлік квиз өткізілді. Қалалық мәдениет үйінде заң және әділет тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Квиз жеті кезеңнен тұрып, қатысушылардың құқық, тарих және заңнама саласындағы білімін тексерді. Ойын барысында оқушылар логикалық ойлау және жылдам шешім қабылдау қабілеттерін көрсетті.
Шара соңында барлық команда алғысхаттармен марапатталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

