Сәпиевтің өмірін арқау еткен фильм жарыққа шықты

«Сарыжайлау» кинотеатрында бокстан Қазақстанның көп дүркін чемпионы, екі мәрте әлем чемпионы, жерлесіміз Серік Сәпиевтің өмірі мен спорттағы жетістіктері туралы шынайы оқиғаларға құрылған фильмнің тұсаукесері өтті.

Салтанатты жиынға бокс майталманының өзі, фильмнің қоюшы-режиссері Ақан Сатаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер, жаттықтырушының ролін ойнаған актер Игорь Ермашов, басты рөлдегі актер Смадияр Сабыров, «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның өндіріс жөніндегі вице-президенті Айдар Баталов қатысты.

Фильмде, негізінен, Серік Сәпиевтің 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасындағы ойынынан 2012 жылғы Лондон Олимпиадасына дейінгі кезең қамтылған.

Тәуелсіз Қазақстанды әлемге танытқан даңқты жерлесіміздің рингтегі шебер ойындарын көрсете отырып сұхбат форматында түсірілген картина тартымды, қызықты болып шыққан.

«Рингте жатудың қажеті жоқ, әйтпесе үйреніп қаласың», – дейді бапкер фильмдегі эпизодтардың бірінде жаттығудан кейін демалып жатқан шәкіртіне.

Фильмде басты рөлді кино саласындағы дебютант Смадияр Сабыров сомдады. Ақан Сатаев актердің рөл үшін күн сайын тәжірибелі жаттықтырушымен бокспен айналысқандығын атап өтті.

Серік Сәпиевке бокс федерациясы оның өмірбаянының желісінде фильм түсіруді 2013 жылы Лондон Олимпиадасындағы жеңістен кейін ұсынған.

Айта кетейік, Сәпиев Лондон Олимпиадасының қорытындысы бойынша 1936 жылдан бастап Олимпиада ойындарының ең техникалық боксшысына берілетін сыйлық – Вэл Баркер кубогын жеңіп алған. Сәпиев – Олимпиада чемпиондары Василий Жиров (1996) пен Бақтияр Артаевтан (2004) кейін осы беделді сыйлыққа ие болған Қазақстанның үшінші былғары қолғап шебері.

Фильмнің басты мақсаты – спорттағы жетістіктерді армандайтын жастарды ынталандыру. Алайда фильмде рингтегі тер мен қан ғана емес, кейіпкердің басынан өткен драма мен махаббат хикаясы да суреттелген.

Фильмнің түсірілімі қаржылық қиындықтарға байланысты ұзаққа созылды. Кейін жобаны жүзеге асыруды режиссер Ақан Сатаев қолға алған. «Боксерді» 2020 жылдың шілдесінде Токио Олимпиадасына дейін түсіру жоспарланған. Бірақ жобаны іске асыру мерзімі кейінге шегеріледі.

Серік Сәпиев 1983 жылы Қарағанды облысының Абай қаласында кеншілер отбасында дүниеге келген. Боксшының бапкері – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, еңбек сіңірген жаттықтырушы, Қазақстанның құрметті спорт қайраткері Александр Стрельников. 2004 жылы Серік ел құрамасына қабылданады. Екі рет бокстан әлем чемпионы атанды. Оның қоржынында Азия чемпионаттарының алтын медальдары да бар. 2008 жылы Бейжің Олимпиадасына қатысып, ширек финалда қарсыласына есе жіберді. Төрт жылдан кейін Лондон Олимпиадасының алтын медалін жеңіп алды.

Спорттан кеткеннен кейін ол Astana Arlans бокс клубының бас директоры болды. 2019 жылғы қаңтарда Сәпиев Мәжілістің алтыншы шақырылымында депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатып, Спорт және дене шынықтыру істері комитетін басқарды.

Ақторғын ДАРХАНҚЫЗЫ,

QH