Құрлық біріншілігіндегі қомақты олжа

Қарағанды облысының жас боксшылары Индонезияда өткен жасөспірімдер (U19) мен жастар (U23) арасындағы Азия чемпионатында сәтті өнер көрсетті. Өңір спортшылары төрт алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алып, Қазақстан құрамасының жалпыкомандалық есепте күміс жүлде иеленуіне елеулі үлес қосты.

Құрлық біріншілігінде Қазақстан әйелдер құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, алты алтын, үш күміс және бес қола жүлдеге қол жеткізді. Осылайша ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте Өзбекстаннан кейінгі екінші орынға тұрақтады. Үздік үштікті Үндістан құрамасы түйіндеді.

Қазақстан құрамасының табысына қарағандылық былғары қолғап шеберлері де айтарлықтай үлес қосты. U19 жас санатында 70 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Камила Оспанова чемпиондық атақты жеңіп алды. Финалда ол әлем чемпионы, өзбекстандық Мафтуна Янгиевамен кездесіп, тартысты жекпе-жекте 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Осы жас санатындағы 80 келіге дейінгі салмақта Айдана Убайдуллақызы да алтын медаль иеленді. Финалда үндістандық Мегу Шеокандпен қолғап түйістірген қарағандылық спортшы қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсіп, Азия чемпионы атанды.

Жастар арасындағы (U23) жарыста да Қарағанды облысының өкілдері үздіктер қатарынан көрінді. 48 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Гүлназ Бөрібаева финалда Моңғолия спортшысын 5:0 есебімен айқын жеңіп, құрлық чемпионы атанды. Ал 70 келіге дейінгі салмақта Азиза Исина шешуші кездесуде өзбекстандық Хуморабону Мамажонованы 3:2 есебімен жеңіп, Қазақстан қоржынына тағы бір алтын медаль салды. Сонымен қатар, 51 келіге дейінгі салмақта Анита Адишева күміс жүлдені еншілесе, 60 келіге дейінгі салмақта Ермек Аяжан қола медальға қол жеткізді.

Қарағанды облысының спортшыларының бұл жетістігі өңірде бокстың қарқынды дамып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Азия чемпионатында жеңіске жеткен жас былғары қолғап шеберлері алдағы халықаралық жарыстарда да ел намысын абыроймен қорғайды деген сенім мол.

Ералы ҒАНИ,

«QH»