ҚР Премьер-Министрі Ереванға жұмыс сапарымен келді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысына қатысу үшін Ереванға жұмыс сапарымен келді.


Сондай-ақ шараға Арменияның Үкімет басшысы Никол Пашинян, Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко, Қырғызстанның Үкімет басшысы Ақылбек Жапаров, Ресей Министрлер кабинетінің төрағасы Михаил Мишустин қатысып жатыр.

Қазіргі уақытта шағын форматтағы отырыс өтіп жатыр, оның барысында өнеркәсіптік кооперативтік жобаларды қаржыландыру, электрондық сауданы әкімшілендірудің бірыңғай талдамалық жүйесін әзірлеу, Одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді жою жөніндегі шаралар, газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру жөніндегі қадамдар, сондай-ақ бірқатар ұйымдастыру мәселелері талқылануда.

Ертең, 21 қазанда, кеңейтілген құрамдағы ЕҮАК отырысы өтеді, оның қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылады деп күтілуде.