Отбасы бірлігі – басты құндылық

Қарағанды облысында отбасы құндылықтарын дәріптеп, өнегелі шаңырақтарды көпшілікке үлгі ететін «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды. Дәстүрлі додаға өңірдің қалалары мен аудандарынан 100-ден астам отбасы қатысып, өздерінің отбасылық дәстүрі мен қоғамдық белсенділігін таныстырды.

Байқаудың іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өткен 26 отбасы облыстық кезеңде бақ сынады. Олар берік отбасылық дәстүрлерін, жетістіктерін және қоғам өміріне қосып жүрген үлестерін ортаға салды.

«Мерейлі отбасы» байқауының негізгі мақсаты – отбасы институтының маңызын арттыру, өнегелі отбасылардың тәжірибесін насихаттау және ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру. Сонымен қатар байқау үлкенге құрмет, кішіге ізет, өзара сыйластық пен жауапкершілік секілді асыл қасиеттерді дәріптеуге бағытталған.

Биылғы облыстық кезеңнің Бас жүлдесін Қарағанды қаласының Кернебаевтар отбасы иеленді. Олар отбасылық дәстүрді берік ұстанып, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға ерекше мән беретіндігімен, қоғамдық белсенділігімен және ұлттық құндылықтарға деген құрметімен ерекшеленді.

Енді Кернебаевтар отбасы Қарағанды облысының намысын республикалық кезеңде қорғайды

Облыстық байқаудың жүлдегерлері де анықталды. Бірінші орын Нұра ауданынан Пшенбаевтар отбасына, екінші орын Осакаров ауданынан Пяттар отбасына, үшінші орын Қарқаралы ауданынан Бейсенбаевтар отбасына бұйырды.

Байқау барысында қазылар алқасы отбасылардың салт-дәстүрді сақтауы мен дамытуына, ұрпақтар сабақтастығына, бала тәрбиесіне, қоғамдық белсенділігіне және ұлттық құндылықтарды насихаттауға қосқан үлесіне ерекше назар аударды.

Жыл сайын ұйымдастырылатын байқау – өзара сыйластық пен түсіністікті, қамқорлық пен жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырған отбасыларды көпшілікке танытатын маңызды алаң. Мұндай шаңырақтардың өнегесі жас ұрпақ үшін үлкен тәрбие мектебі екені сөзсіз.

Отбасы – қоғамның берік негізі. Шаңырақтағы татулық пен сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет, балаға дұрыс тәрбие беру сияқты құндылықтар ел бірлігінің нығаюына да ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, «Мерейлі отбасы» байқауы тек жеңімпазды анықтайтын сайыс емес, жақсы дәстүрлерді дәріптеп, отбасылық тәрбиенің озық үлгілерін насихаттайтын тағылымды жоба.

Кернебаевтар отбасы үшін бұл жеңіс – қуанышпен қатар, үлкен жауапкершілік.

– Бұл – біздің отбасымыз үшін үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік. Байқауға қатысу арқылы отбасымыздың құндылықтарын көрсетіп қана қоймай, басқа да өнегелі отбасылардың өмірімен таныстық. Ең бастысы, балаларымызға отбасы бірлігінің қаншалықты маңызды екенін көрсете алдық. Біздің басты құндылығымыз – бірлік пен өзара сыйластық. Үлкенді құрметтеп, кішіні ізетке тәрбиелеуге тырысамыз. Отбасындағы әр адамның пікірі маңызды. Қандай жағдай болса да, бір-бірімізге қолдау көрсетуге ұмтыламыз. Бұл жеңіс бізге үлкен сенім жүктейді. Облысымыздың атынан лайықты өнер көрсетіп, өзге өңірлердің отбасыларымен тәжірибе алмасқымыз келеді. Біз үшін басты жеңіс – отбасымыздың береке-бірлігін сақтап, осы құндылықтарды балаларымызға жеткізу, – деді байқаудың Бас жүлде иегері Айдын Кернебаев.

Өнегелі шаңырақтың басты байлығы – дүние-мүлік емес, өзара түсіністік пен сыйластық. Осындай отбасылардың өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болып, ұлттық тәрбиенің сабақтастығын жалғастыра беретіні анық.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,

«QH»