Отандық фармацевтика жаңа белеске бет алды
Қазақстанда фармацевтикалық өндірістің әлеуеті артып, отандық дәрі-дәрмек шығаруға басымдық беріліп келеді. Соңғы үш жылда еліміздегі фармацевтикалық өнім өндірісінің көлемі 37 пайызға өскен. Саладағы өсім биыл да жалғасып, кәсіпорындар өндіріс көлемін арттырумен қатар, жаңа препараттар шығаруға және қолданыстағы қуаттарды жаңғыртуға бағыт алып отыр.
Қазір Қазақстанда фармацевтикалық және медициналық өнім өндіретін 200-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Оның 43-і дәрілік препараттар шығаруға маманданған. Бұл – отандық өндірістің біртіндеп кеңейіп, елдің медициналық қажеттіліктерін ішкі мүмкіндіктер есебінен қамтамасыз етуге бағыт алып келе жатқанын көрсетеді.
Салаға инвестиция тарту, өндірістік қуаттарды жаңарту және жаңа технологияларды енгізу жұмыстары да жалғасуда. Бұл бағытта Қарағанды кәсіпорындарының үлесі ерекше.
Қарағандыда фармацевтикалық кешенді жаңғыртуға 42 миллиард теңгеден астам инвестиция бағыттау жоспарланған. Жоба аясында жаңа өндірістік цехтар салынып, заманауи технологияларға негізделген өндірістік желілер іске қосылады. Нәтижесінде дәрі-дәрмек ассортиментін кеңейтіп, күрделі ауруларды емдеуге арналған препараттардың жаңа түрлерін шығару мүмкіндігі артады.
ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратовтың айтуынша, қазақстандық фармацевтика саласына жалпы құны 390 миллиард теңгеден асатын ірі инвестициялық жобалар тартылған. Олардың жүзеге асуы нәтижесінде 400-ден астам жаңа дәрі-дәрмек түрін өндіруге мүмкіндік туады.
Бұл ауқымды жобалардың қатарында Қарағандыдағы өндірісті дамытуға бағытталған бастама да бар. Кәсіпорынның жаңа қуаттары толық іске қосылған жағдайда өндіріс желісіне тағы 74 түрлі препарат енгізіледі деп күтілуде. Қазірдің өзінде қаладағы фармацевтикалық зауытта 70-тен астам отандық дәрі-дәрмек түрі шығарылады.
Өндірістің кеңеюі ең алдымен ішкі нарықты отандық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге жаңа препараттарды шығару импортқа тәуелділікті төмендетуге бағытталған маңызды қадам болмақ.
Фармацевтикалық өндірістің дамуы тек дәрі-дәрмек көлемін арттырумен шектелмейді. Салаға жаңа технологиялардың енгізілуі өндірістің сапасы мен тиімділігін арттыруға, заманауи препараттарды жергілікті жерде шығаруға жол ашады. Ал инвестициялық жобалардың іске қосылуы жаңа өндірістік орындардың қалыптасуына және мамандарға деген сұраныстың артуына ықпал етеді.
Мамандардың пікірінше, отандық фармацевтиканың өндірістік базасын күшейту елдің дәрі-дәрмек қауіпсіздігі үшін де маңызды. Ішкі өндіріс неғұрлым дамыған сайын, сыртқы нарықтағы өзгерістерге тәуелділік те азая түседі.
Қарағандының фармацевтика саласындағы жобалары осы үдерістің маңызды бөлігіне айналып отыр. Өндірістік қуаттардың артуы өңір экономикасына серпін беріп қана қоймай, тұрғындарды қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің тұрақтылығын күшейтуге мүмкіндік береді.
Осылайша, отандық фармацевтика бүгінде өндірісті ұлғайту, жаңа технологияларды енгізу және дәрі-дәрмек түрлерін көбейту кезеңіне қадам басып отыр. Қарағандыдағы жаңа жобалардың жүзеге асуы Қазақстанның фармацевтикалық өндірісіндегі үлесін арттырып, ішкі нарықтағы отандық препараттардың қатарын кеңейтуге жол ашады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

