Осыған дейін жұмыс істеген Конституциялық Кеңес пен жаңадан құрылған Конституциялық Соттың айырмашылығы неде?

Жаңадан құрылған Конституциялық Сотқа азаматтардың тікелей жүгіну құқығы қарастырылған. Бұған дейін жұмыс істеген Конституциялық кеңесте 27 жыл ішінде азаматтарда мұндай мүмкіндік болған жоқ. Олар өздерінің конституциялық құқықтарын қозғайтын, оған нұқсан келтіретін заңдарды, өзге де нормативтік құқықтық актілерді басқа субъектілер арқылы ғана даулай алды. Атап айтсақ, сот органдары арқылы қандай да бір азаматтық, қылмыстық, әкімшілік, басқа да істі қарау барысында, егер азамат қолданыстағы заң өз құқықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, судьяға өтініш білдіруге мәжбүр болды. Оның өтініші қанағаттандырыла ма, қанағатандырылмай ма, оны толығымен судья шешетін болған. Сондықтан осы жылдар ішінде Конституциялық кеңеске бар-жоғы соттан 78 ғана ұсыныс келіп түсті. Бұл айтарлықтай жоғары көрсеткіш емес.