Қолжетімді көмек: Әлеуметтік бюро жұмысы
Қарағанды тұрғындары бірнеше мемлекеттік орган өкілдерімен бірден кездесіп, қажетті кеңестер алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл жолғы кеңес беру шарасы «Таир» сауда үйінде өтті. Халықаралық әйелдер күніне орайластырылған бұл шараны «Құқық» қоғамдық қоры ұйымдастырды. «Отбасы және әйелдер көшпелі әлеуметтік бюросы» аясында Қазақстанның 10 өңірінде осындай кездесулер өткізілуде.
Шараға заңгерлер, психологтар, полиция қызметкерлері, прокуратура, әкімдік, сот, облыстық білім беру, денсаулық сақтау, әділет және жұмыспен қамту басқармаларының өкілдері қатысты.
«Құқық» қоғамдық қорының үйлестірушісі Даяна Казиеваның айтуынша, мұндай шараларға халықтың қызығушылығы артып келеді:
«Алғашында адамдар бұл кездесулерге күмәнмен қарайтын. Бірақ уақыт өте келе, біз олардың сеніміне ие болдық. Қазір тек біздің ұйым ғана емес, басқа да мемлекеттік органдар осындай шаралар өткізуде. Адамдар ашыла бастады, олар келіп, өздерін алаңдатқан мәселелерін көтеруде».
Жылына үш рет ұйымдастырылатын әлеуметтік бюролардың соңғысы өткен жылдың желтоқсан айында «Global City» сауда-ойын-сауық орталығында өткен. Ол кезде 150-ден астам адам мамандардан кеңес алған. Көп жағдайда әйелдер өз мәселелерін тікелей айтпай, «құрбысы» немесе «туысы» үшін көмек сұрағандай болып көрінеді. Кейіннен олардың өз проблемаларын айтуға қымсынғаны анықталады.
Психолог әрі заңгер Юлия Васильева әлеуметтік бюролардың маңыздылығын нақты оқиғамен түсіндірді.
– Бір әйел бізге тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккенін айтып, көмек сұрады. Ол алдымен осындай шарада мамандармен сөйлесіп, кейін жеке кеңестерге қатыса бастады. Психологиялық терапиядан өткеннен кейін, өзіне зиян тигізген қарым-қатынасты тоқтатуға шешім қабылдап, күйеуіне арыз жазуға батылдық алды. Қазір ол жаңа өмір бастауға мүмкіндік тапты, – дейді ол.
Әлеуметтік бюролар ең алдымен тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына бағытталғанымен, кез келген адам бұл кездесулерге қатысып, тегін кеңес ала алады. Мемлекеттік мекемелерде көмек алу үшін ұзақ күту қажет болса, мұнда мамандар халықтың өзіне келеді.
Халық мұндай шаралардың тиімділігін атап өтті.
– Көп адам белгіленген уақытта мемлекеттік мекемелерге бара алмайды. Ал бұл жерде күтпеген жерден кіріп, қажетті кеңес алуға мүмкіндік бар. Мамандар шынайы көмектескісі келеді. Егер келген 10 адамның 5-еуі көмек алса, бұл – үлкен жетістік, – дейді қала тұрғыны Яна Алексеевна.
Әлеуметтік бюролар барлық азаматтарға тегін қызмет көрсетеді. Ұйымдастырушылар мұндай шараларды тұрақты түрде өткізіп, халыққа көмек көрсетуді жалғастыруда.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»