Ойын бизнесі опа бермейді
Қарағандыда жасырын ойынхана әшкереленді. Қаржылық мониторинг агенттігі Қарағандыда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісінің жолын кесті.
– Тергеу барысында күдіктінің «Покер» құмар ойынын өткізу үшін жергілікті мейрамханада үй-жайды жалға алғаны, арнайы ойын үстелдерін орнатқаны, ойын фишкалары мен карталарын сатып алғаны анықталды. Банк шотына түскен қаражаттардың жалпы сомасы 32 миллион теңгеден асқан, – деп мәлімдеді ведомстводан.
Сот үкімімен аталған азамат кінәлі деп танылды. Оған 3 жыл 6 айға бас бостандығынан шартты түрде айыру жазасы тағайындалды. Қаржылық мониторинг агентігі азаматтарды құмар ойындарға – лудоманияға патологиялық тәуелділіктен қорғау мақсатында заңсыз ойын нүктелерін анықтау және бұғаттау жөніндегі жұмысты жалғастырады.
– Егер сіз өкілеттіктерді теріс пайдалану, қаражатты жымқыру немесе басқа да экономикалық құқық бұзушылықтар фактілері жайлы білсеңіз, «АФМ Insider» телеграм ботына хабарлауыңызды сұраймыз. Анонимділікке кепілдік беріледі, – делінген мәліметте.
Бұған дейін 8 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ойын бизнесі мәселелері бойынша заңға өзгертулер енгізуге қол қойған болатын. Заң халық арасында құмар ойындарға тәуелділікті төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормаларды енгізеді.
Құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуға тыйым салынған тұлғалардың тізімі кеңейтілді.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ, «QH»